• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 17 Мамыр, 2022

Демократияға бастайтын тура жол

453 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл бастаманы халық та, сарапшылар да ыстық ықыласпен қабылдады. Соңғы рет елімізде референдум 27 жыл бұрын өткен. Содан бері елдегі ең өзекті мәселе жалпы халықтың талқысына шықпаған еді.

Осындай саяси тұрғыдан маңызды кезеңде еліміздің әр өңірінде рефе­рендумға қатысты түрлі жиын өтіп, сарапшылар өз пікірлерімен бөлісіп жатыр. Елордада Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен конституциялық реформаларға арнал­ған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Мемлекет бас­шысы ұсынған саяси және құқықтық реформалар талқыланды.

Сарапшылар кеңесінің төрағасы, профессор Сергей Ударцев форумды ашқаннан кейін алдағы өтетін ре­ферендумның ел тарихы үшін маңыз­ды екенін атап өтті. Комиссия мүше­лері Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу шынайы және демократиялық жол деп атап өтті.

«Еліміздің конституциясына енгі­зілетін өзгерістер мен толықтырулар елі­мізді демократиялық жолмен әрі қарай дамуын нығайтады. Жалпы, осы түзетулер мен толықтыруларды үш бағытқа бөлуге болады. Біріншісі, билік арасындағы қарым-қатынасты оңтай­ландыруға, екіншіден, халықтың мем­лекеттік басқару ісіне қатысуын кеңей­туге, үшіншіден, адамның және азаматтың құқықтарын қор­ғауды, сақтау­ды күшейтуге бағыт­талған», деп түсін­дір­ді Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев.

Спикер өз сөзінде Ата Заңдағы бірінші баптың әлі дұрыс жұмыс істемей тұрғанын атап өтті. Мәселен, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекет үшін ең жоғары қазына және құндылық екені бірінші бапта айтылған.

«Бұл бап әлі дұрыс жұмыс істемей отыр. Неге? Себебі біздің азаматтар және елімізде тұрғылықты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар Конституциялық кеңеске өз арыз-шағымдарын жаза алмайды. Бұл тұрғыда олардың құқықтары шектелген. Осындай шектеулерді алып тас­тау үшін және елдегі адам құқықтарының сақталуын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мақсатында Конституциялық сот құрылып отыр. Енді еңбекшіл мигранттар, азаматтығы жоқ адамдардың бәрі Конс­титу­циялық сотқа белгіленген тәртіппен шағым жазуға толық құқығы бар», деді Т.Әбішев.

Оның айтуынша, реформа елімізді басқарудың тиімді нысандарын белгілеуге, демократияландырудың әрі қарай халықаралық стандарттарға сай дамуына бағытталған.

«Қазіргі таңда біз суперпрезиденттік республикадан кетіп, ықпалды Парламенті бар, есеп беретін Үкіметі бар президенттік басқару ныса­нындағы республикаға көшеміз. Өздеріңіз білетіндей, облыс мәслихаттарының депутаттары екі жүйемен сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар тек мажоритарлық жүйемен сайланады», деп түсіндірді Т.Әбішев.

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі прези­денті Бану Нұрғазиеваның сөзіне сүйенсек, Консти­туцияға енгізіліп жатқан өзге­ріс­­тер халыққа қажет. Өйткені бұл өзгеріс­тер «Халық үніне құлақ асатын» мем­лекет тұжырым­дамасына сай келеді. Қоғамды демо­кратияландырудың іргетасын қалайды.

«Бұған дейін барлық депутат пен тағайында­латын тұлғалар тек саяси партиялар арқылы сайланып келді. Ол кездегі жүйе пропорционалдық деп аталды. Ал бүгінгі таңда аралас жүйе әзірленді. Ол мажоритарлық деп аталады. Яғни мұнда қандай да болсын елінің дамуына үлес қосқысы келген азамат «мен боламын» деп өзінің арнайы жобасы арқылы сайлана алады. Айта кету керек, халық бәрін біледі, түсінеді. Кімнің әділетсіз, кімнің қулық-сұмдықпен жүргенін біледі», деді Бану Нұрғазиева. Оның айтуынша, алдағы уақытта саяси партиялар көбейіп, олардың арасында бәсекелестік артпақ. Әсіресе 98-баптағы жаңа өзгертулердің бәрінде адам құқықтарына назар аударылып отыр.

«Ең ауқымды дейтін өзгерістердің бірі – жер туралы норма. Яғни жердің және табиғи ресурстардың иесі халық. Енді жер мәселесіне қатысты қандай да дау болса, мемлекет өзі шешім шығармайды. Тек халықтың сұрауымен жұмыс істей алады», деді Б.Нұрғазиева.

Комиссияның бірқатар мүшесі қоғам мен мем­лекеттің тұрақты­лығы мен қауіпсіздігіне кепіл­дік беретін елдің конститу­циялық жүйесін нығайтуға және жаңғыртуға назар аударды. Сонымен қатар Комиссия сарапшылары Мемлекет басшысы ұсын­ған жаңа конституциялық модель нақты саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісім­ді, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму­ды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне тоқталды.  Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын халықаралық стандарттар деңгейінде тиімді қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялаудың маңы­зына тоқталды. Сондай-ақ жиын барысында адам құқық­тарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті проблемалары қозғалды.

Жалпы алғанда, форумға қатысушылар ұсынылған саяси және құқықтық реформаларды қолдады, Қазақстан Республикасының азаматтарын ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдар мен YEҰ, БАҚ, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары мен Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері де қатысты.