Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің басты салаларының бірі саналады. Оның үлесі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 42,1 пайызға жуығын, ал экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4 пайызды құрайды. Еліміздің мал шаруашылығы жалпы ауыл шаруашылығының салыстырмалы түрде тұрақты дамып келе жатқан саласы ретінде сипатталатынын айта кеткен жөн. Бұған мал мен құс санының тұрақты өсу қарқыны, олардың сапалық көрсеткіштерінің жақсаруы, жануарлардың өнімділігінің артуы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемінің ұлғаюы дәлел бола алады. Еліміз жұмыртқа бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51-ден 35 пайызға дейін төмендетті», деді министр.
Оның айтуынша, мұның барлығы жылдан жылға тұрақты қарқынмен артып келе жатқан мемлекеттік қолдау іс-шараларының арқасында орын алды.
«Бұл бүгінгі таңда саланың инвестициялық тартымды болуына әкелгенін айта кеткен жөн», деді Ербол Қарашөкеев.