Павлодар облысында 20 қап мөңке балығын заңсыз аулаған тұрғындар ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
11 мамыр сағат 06:30-да Ақсу қаласының полиция қызметкерлері 60 жастағы ер адамның басқаруымен Volkswagen Passat көлігін тоқтатты. Салонда шамамен 45 жастағы екі ер адам болған.
«Көлікті тексеру кезінде оның тіркемесінен балық аулау құралдары, резеңке үрлемелі қайық, 20 қап мөлшерінде ауланған мөңке балығы табылды. Құқық бұзушы ҚР ҚК-нің 335-бабының 1-бөлігі 1-тармағы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша жауапқа тартылды», деді Павлодар облысы Ақсу қаласының полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында Павлодар облысының дала және тұщы су айдындарында, Ертіс өзенінде және оның жайылма су айдындарында балық аулаудың барлық түрлеріне тыйым салынды.
Аяна Тоғанбек