• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Референдум 17 Мамыр, 2022

Саяси науқанға саналы түрде атсалысу міндет

368 рет
көрсетілді

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстың тағдыры 5 маусымда өтетін республикалық референдумда халық талқысы арқылы шешілмек. Осыған орай бір топ Мәжіліс депутаты өңір тұрғындарымен кездесіп, уақыты таяп қалған маңызды саяси науқанның мән-маңызын түсіндірді.

Науырзым ауданының тұрғындары Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Сапаровамен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулысы алда күтіп тұрған конституциялық өзгерістердің мән-жайы туралы әңгімелеп, көпшілік тарапынан, қойылған бірқатар сауалға жауап берді.

Ең бастысы, халық алдағы науқанды қызу қол­дап отыр. Мәжіліс депутаты осы аудан­дағы «Кенесары» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі­не де ат басын бұрып, шаруалармен тілдесті. Ша­руашылық жұмысшылары кәсіпкерлік сала­сын­дағы табыстарын алға тарта отырып, Мем­­лекет басшысының саяси бастамаларын бір­ауыз­дан қолдайтындарын айтты. Жиында Конс­ти­ту­ция­­ның 33 бабына енгізілетін түзетулер, Пре­зи­­дент өкілеттігі мен Парламенттің ықпалына қа­­тыс­ты өзгерістер туралы жан-жақты әңгіме болды.

«Конституциялық реформаның нәтижесінде билік­тің заң шығарушы тармағы айтарлықтай өзгере­ді. Соның нәтижесінде Парламенттің және оның пала­таларының рөлі едәуір күшейіп, мәр­тебесі арта­ды. Қазақстан халқы Ассамблея­сының Мәжіліс­тегі квотасы Сенатқа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депутатқа қысқарады. Соған сәйкес Мәжіліс депутаттарының жалпы саны 107-ден 98-ге азаяды. Президент жариялап отырған референдум төңірегінде конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыланатын болады. Бұған дейін де көптеген ауданды аралап, өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындарымен, жалпы әр салада еңбектеніп жүрген мамандармен кездесу өткіздік. Конституциялық реформа бойынша Президенттің бірқатар өкілеттілігін Үкі­метке, министрліктерге, жергілікті атқарушы ор­ган­дарға беру, сондай-ақ облыс әкімдерінің таға­йын­далу мәсе­лесі халық талқысына түсетін болады. Сон­дық­тан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азамат­тық борышын орындауға тиіс», деді Әлия Сапарова.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Мем­лекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңаша реформаларды жария етуі дер кезінде жасалған, үлкен саяси маңызы бар қадам.

«Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі, ал бүгінгі жарияланған конс­титуциялық реформаға байланысты референдум туралы шешім Президент Жолдауының жүйелі жүзеге асырылып жатқанының айғағы деуге болады. Ал үлкен жеңістерге тек бірлік арқылы ғана жетуге болатыны айтпаса да түсінікті», дейді тұрғындар.

Мәжіліс депутаттары өткен аптадан бастап ауылдарды аралап, халықпен кездесіп алдағы саяси науқанның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Халықтың алдағы маңызды науқанға бейжай қарамайтыны анық. Мәселен, науырзымдықтар кездесу барысында әр нормаға тоқталып, референдумның қалай өтетінін, бюллетень арқылы қалай дауыс беруге болатынын сұрап жатты.

Әлия Сапарованың айтуынша, Мәжіліс депутаттарының өңірдегі жұмыс сапары өткен жетіден бастап осы аптаның соңына дейін жалғасады. «Облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде болып қайттым. Алдағы уақытта ауыл халқының барлығымен кездесуді жоспарлап отырмын», деді Мәжіліс депутаты.

 

Қостанай облысы