Тіршілік түйткілдеріне қатысты өткен шақтағы түрлі көріністер де естен кетпес естелік ретінде жадыңда сақталып қалады. Солардың кейбіреулерін қазіргі өміріңде кездесіп қалатын жағдаяттар санада қайта жаңғыртатыны бар. Екеуінің ішкі өзегінде, мазмұнында ұқсастық болғандықтан солай болатын шығар.
Осыдан біраз бұрын бір қалада көпшіліктің көзі әбден үйренген, ешкімді таңғалдыра қоймайтын, қоғамымыздың еті үйреніп кеткен бір жайт мені бұдан жиырма тоғыз жыл бұрынғы мына бір көріністі көз алдыма келтірді.
Жай-жапсарды аздап түсіндіре кетейін.
Қазақ баласы тосырқап барып іле білек сыбана кірісіп кеткен саудагерлік қыза бастаған шақ. Көшелер толы базар. Алыпсатарлар қаптаған. Ығы-жығы халық қалаларда ерсілі-қарсылы сабылады. Тіпті, шал-шауқан, кемпір-сампырға дейін базаршы-сатушы, саудагер, алыпсатар болып алған. Міне, осы топтағылар тәртіп сақшылары өздерінің жастарының үлкендігін сыйлар деген дәмемен көбіне арнайы рұқсат етілмеген жерлерге жайғасып, қолындағысын сатуға қояды. Арнайы орынға барып тұрайын десе оның салығы, жалдау ақысы есеңгіретіп, есекке теріс қаратып мінгізіп жібереді. Содан олар аяқжолдарды жағалай немесе аялдамаларды төңіректеп жүріп саудасын жасайды. Бұл іс-әрекет заң бұзуға жатқызылады. Олардың досы да жанашыры да тәртіп сақшылары, заманауи тілмен айтқанда полицейлер. Осы жағдаят шал-шауқан, кемпір-сампырлар мен полицейлер арасындағы алыс-берісті қыздырады, бітпейтін қызық та сұрықсыз «эпопеяны» тудырады. Олардың полицейлермен өзара диалогтары былай өрбиді:
Полицей:
– Бұл жерге тұруға болмайды.
Сатушы қария:
– Енді қайда барып тұрамын? Қайда барып күн көреміз?
Полицей:
– Сауда жасауға рұқсат берілген жерден орын алыңыз, әйтпесе табаныңызды жалтыратыңыз.
Сатушы қария:
– Базарда орын қымбат. Оның жалдау ақысын төлеуді қалта көтермейді... Айналайын, сенің де мен секілді ата-анаң бар шығар, тиіспеші маған, – деп жалынады.
Бұған полицей көнсін бе, ол да өз уәжін айтады. Осы келіспеушіліктен келіп полицейлер тарапынан қоқан-лоқы жасалады. Сатушының көр-жөрі лақтырылып, тұрған орнынан қуылады. Алайда сатушы қариялар көп. Оның қайсыбірін қуалай берсін, полицейлер де шаршайды, ығыры шығады. Әкесіндей, шешесіндей адамдармен айқаса беру оларға да оңай дейсің бе? Күнделікті күн көріс талабы қойсын ба, сатушы қариялар көшенің кез келген тұсында саудасын жүргізуді жалғастыра береді. Ал енді не істеу керек? Шешім бар: енді екі жақ «бармақ басты, көз қыстыға» көшеді. Тараптарға да тиімдісі сол. Өзара келісім жүргізіледі. Ортақ шешімге келеді. Сатушылардың міндеті – полицейлерге әлгі келісім негізінде күніне белгіленген теңгесін төлеп тұру. Полицейлердің міндеті – көшедегі саудагерлерді көрсе де көрмеген болу. Келісімге көнбегенге күн жоқ. Бітті.
Сол кездегі жалпы жағдайдың шет жағасын азды-көпті түсіндіргендей болдым. Ал енді әлгі жоғарыда айтып өткен, осыдан жиырма тоғыз жыл бұрынғы сол бір көрініске тоқталайын.
Қыс мезгілі. Жасы шамамен жетпістен асқан бір кемпір бүрсеңдеп аялдама жанында пісте және тәтті-пәтті, сағыз сатып тұр. Оған бір полицей келіп, бұл арада сауда жасауға болмайтынын ескертіп, тез заттарын жинап әкетуді талап етті. Кемпір оның айтқанына көне қойған жоқ. Жобасы, жаңағы келісімге қатыспағандардың бірі болар. Екі жақ шарпысып қалды. Полицей түк өндіре алмасын білген болар, кемпірдің жанында аз кем ойланып тұрды да, иесінің рұқсатынсыз сырт киімінің екі қалтасына пістені уыстап сала бастады. Кемпір оған қой демеді. Берген парам болсын деген шығар. Анау қалтасына пістені піспелеп тыға берді, тыға берді. Қалтасы дәу қоржын болмаса да, тойымсыз пәле екен, зорға толды. Қалтасы толғанша сатушы кемпірдің жаны шығып кете жаздап тұрды. Қайтсін, пұлдамақ дүниесі ғой. Содан, полицей асықпай шірене басып, шырт түкіре кете барды. Мен полицейдің соңынан қарап тұрдым, пісте тола қампиған екі қалтасы есекке артылған қоржыннан аумайды ғой, аумайды.
Бұл осыдан 29 жылдай бұрынғы көрініс еді. Содан бергі аралықта реттелген сауда нүктелерін емес, қоғамды айтамын, қаншалықты өзгерді, қаншалықты ілгеріледі екен, а?