• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасы талқыланды

258 рет
көрсетілді

Сәуірдің 15-і күні Мәскеуде Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің Үкіметтері жетекшілерінің кездесуіне қатысты. Бұл туралы primemminister.kz сайты хабарлады. Кездесудің күн тәртібінде Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісім жобасы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, темір жол және автокөлік тасымалына қатысты шаруалар сөз болды. Арнайы  ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Кәрім Мәсімов: «Бүгін барлық даулы мәселелер талқыланып, ішінара түзетулерден кейін құжат Мемлекет басшыларының қол қоюына дайын болады», – деді. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің басшысы: «Келіссөз кезінде біз негізгі шарт ретінде қатысушы елдердің экономикалық мүдделеріне сәйкестікті басшылыққа алдық», – деді. Осылайша үкімет басшылары Еуразиялық одақ жөніндегі келісім жобасын тағы бір пысықтап алды. Өйткені, аталмыш келісім жобасын мемлекеттік деңгейде бекітетін күн жақын. Нақтылай айтқанда, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевтың 16 сәуірде ұйымдастырылған брифингте мәлімдегеніндей, мамыр айында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Президенттері ЕЭО туралы келісімге қол қоймақ. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ идеясына 20 жыл толады. Әнуар Жұмаділдаев осы 20 жылдың ішінде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері түрлі салалар бойынша түсіністікке қол жеткізіп, аталған үш елдің арасындағы интеграциялық игі істер қажетті даму биігіне жеткендігін де атап өтті. Жалпы, Еуразиялық интеграция мемлекеттердің өзара экономикалық байланыстарын ғана қамтитынын айта кеткен жөн. Жолдыбай Базар. Дереккөз: primemminister.kz. Фото: Ria.ru.