Қарқаралы қаласындағы Орынбек Жәутіков атындағы №1 мектепке ұлағатты ұстаз Күләнда Нұрболқызының балалары көпбейінді микроскоптармен, аспаптармен және интерактивті тақтамен жабдықталған заманауи биология кабинетін сыйға тартты, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған мектептегі биология пәнінің мұғалімі Гүлмайра Әубәкірова сыныптың 2007 жылы ашылып, оған Күләнды Нұрболқызының есімі берілгенін айтады.
– Күләнда Нұрболқызы өткен ғасырдың 60-жылдары біздің мектепте жұмыс істеп, химия және биология пәндерінен сабақ берді. Парасатты жан, майталман педагог жайындағы естеліктер әлі күнге дейін оның оқушылары мен әріптестерінің жүрегінде сақталып қалған. Ұлағатты ұстаздың балалары бізге жыл сайын жөндеу жұмыстарына көмектесіп тұрады. Ал биыл олар күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа жиһаз бен құрылғылар алып берді, – дейді Г.Әубәкірова.
Бүгінде жаңартылған биология сыныбында барлық қажетті техника мен аспаптар ғана емес, адам ағзасы құрылымының макеттері де бар. Көп атқарымды тақта микроскоптарға қосылған. Мұның өзі балалармен бірге тәжірибе жүргізуге және іс жүзінде оларға күрделі тақырыптарды түсіндіруге мүмкіндік береді.
Жаңартылған сыныптың ашылу салтанатына Күләнды Нұрболқызының Мәжілісте депутат болған ұлы, саяси және қоғам қайраткері Рауан Шаекин бастаған балалары, сондай-ақ бір топ шәкірттері және аудан әкімі Ерлан Құсайын қатысып, еңбек сіңірген педагог жайлы жан тебірентер естеліктер айтты.
Айта кеткен жөн болар, 883 бала білім алатын О.Жәутіков атындағы мектепте барлық қажетті техникалық оқыту құралдары мен дидактикалық материалдармен қамтамасыз етілген биология пәнінің екі бірдей кабинеті бар.