Астықты өңірде көктемгі егіс науқаны басталып кетті. Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша қолайлы сәтті қалт жібермеуге тырысқан ырыздық жорығының жампоздары қауырт қимыл үстінде.
Қара барқыт егістік алқаптың беті сәл-пәл кебіңкіреп, тобарсып тұрған тәрізді болып көрінгенімен, тұқым түсер тереңдікте ылғал бар. Көктем бойы көктен иімей тұрған кезде соның өзі диқандар үшін дәтке қуат. «Сандықтау агро» серіктестігінің агрономы Алексей Суменконың айтуына қарағанда, қыстыгүні қар тоқтату тыңғылықты жүргізілген, содан соң ылғал жабу да ыждаһатты атқарылыпты. Диқандар әзірге 3 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңіріп үлгерген. Оның 1 мың гектары жұмсақ бидай тұқымы болса, қалғаны – майлы дақылдар.
Көктемгі егісті уақтылы атқарып шығу үшін дала жұмыстары екі ауысыммен ұйымдастырылған. Қазір алқап үстінде өнімділігі жоғары үш кешен тынымсыз жұмыс істеуде. Түн қатып, түс қашып жүрсе де, диқандардың қабағы жадыраңқы. Бір жақсысы, серіктестік машина-трактор паркін жаңалауға мұқият мән беріп отыр. Былтыр ғана канадалық «Бугро» кешені алыныпты. Агрономның айтуына қарағанда, өнімділігі өзге техникаға қарағанда оқ бойы озық.
А.Суменко екеуіміз алқап үстінде ылғал өлшеп көрдік. Агрономның қолындағы құрал бір метрге дейінгі тереңдікте ылғалдың бар екендігін айғақтайды. Құнарлы топырақтың тұқым себілер тереңдігі талапқа сай жылыныпты.
– Өткен жылы егін шаруашылығымен айналысатын қауым үшін өте ауыр жыл болды, – дейді агроном, – жаз бойы жауын жаумады. Бес милиметрге дейін ғана ылғал түсті. Қайта қыс бойы тыным алмай қар тоқтатып, көктемде мұқият ылғал жабуымыздың нәтижесінде қырманды қызылға толтырдық. Алдағы уақытта суармалы алқаптарға иек артамыз ба деген жоспарымыз бар. Қазір табиғаттың өзгеруі осындай қадамды талап етіп отыр.
Агрономның пайымдауынша, ғалымдардың ұсынысын басшылыққа алған жөн. Бірақ өкінішке қарай жаздың қаншалықты жайлы болатындығын ешкім тап басып, болжап айта алмайды. Сол себепті кешегі кеңес заманындағы жинақталған тәжірибе де айтарықтай нәтиже бере қоймауы әбден мүмкін. Рас, кей жылдары ерте еккендер ұтады, ал кейбір жылдары кеш еккендердің ырысы молаймақ. Оның үстіне алқаптың өнгіштік қасиетін сақтау да маңызды мәселеге айналған. Айталық, облыстың көптеген егістік алқаптарында қара шіріндінің мөлшері тым азайып кеткен. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қоректік заттар құрамының мөлшерін азотты тыңайтқыштарды енгізбей-ақ молықтыруға болады екен. Ол үшін ауыспалы егіс жүйесін тәртіпке келтіру керек. Қара шіріндісі өте аз алқап үшін сидералды дақылдарды өсіріп, пайдалануға әбден болады. Түсінікті болу үшін сәл таратып айтатын болсақ, біз сөз етіп отырған жасыл тыңайтқыш ретінде көбінесе біржылдық, әйтпесе көпжылдық бұршақ тұқымдастар арасынан асбұршақ, түйежоңышқа, жоңышқа тәрізді өсімдіктер еккен жөн. Тіпті, жаздық рапс, қыша өсімдіктерін де пайдалануға болады. Ендігі бір мәселе, топырақ эрозиясы. Серіктестік агрономының айтуына қарағанда, Сандықтау өлкесі нулы жер болғанымен, бұл ауданның егістік алқаптарында да аталған мәселе өткір күйінде.
– Соңғы екі күн бойы қатты жел тұрып, топырақтың бетіндегі құнарлы қабатты ұшырып әкетті, – дейді Алексей Суменко, – әдетте топырақ эрозиясы жазық жерлерге ғана қауіп төндіргенімен, қазір орманды алқаптардың өзі осы кеселдің қиындығын көріп отыр. Сондықтан алдағы уақытта егіншілік мәдениетін жетілдіріп, құнарлы топырақты сақтап қалу амалдарын қарастыруымыз қажет.
Ғалымдар топырақты эрозиядан қорғау үшін бұрынғыдай қайырмалы соқамен жыртудың орнына қайырмасыз етіп жыртып, тереңірек қопсытуды ұсынып отыр. Сонда дақыл сабақтары топырақтың үстіңгі бетінде қалып, желдің екпінін төмендетуге септігін тигізбек. Ең ұтымдысы, бос топырақ жердің бетіне шықпай, сынықсүйем тереңдікте жатады.
Биыл аудан диқандары 324 795 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын сіңірмек. Өткен жылмен салыстырғанда 790,3 гектарға көбірек. Көктемгі егіске қажетті тұқым күні бұрын дайындалған. 50,9 мың тонна көлемінде. Қолда бар тұқымның сапасы тексеріліп, өнгіштік қасиеті анықталған. Сөз арасында бірінші және екінші сұрыпты тұқымның 80,8 пайызы немесе 43,6 мың тоннасы осындай қасиетке ие екендігін айта кететін болсақ, ырыздықтың молаятынына деген сенім ұлғая түсер еді. Биылғы жылдың қабағынан күдіктенген диқандар тыңайтқыштарға иек артып отыр. Биылғы жылы аудан шаруашылықтары жеткілікті мөлшерде тыңайтқыш алып, алқапқа сіңіріп үлгеріпті. Оның ішінде 1 900 тонна аммофоса және дәннің өсуі мен қалыптасуына әсер ететін 33 мың литр лингогумата, 896 тонна карбамид, 1 142 тонна құнарлы тыңайтқыш алынған.
Ең бастысы, ауданның ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда, 2,1 өсіп, 12,3 млрд теңгеге жеткен. Машина-трактор паркін жаңғыртуда да айтарлықтай жетістік бар. Мәселен, жаңадан 52 трактор, 57 комбайн, 17 егіс кешені алынған. Қазір астықты ауданның алқаптарында диқандар 829 тракторды, 131 егістік кешенін ұтымды пайдалануда.
Мемлекет тарапынан да ырыздық жорығындағы еңбеккерлерге қолтықтарынан демейтін қолдау көрсетілуде. Ауданға 4 455 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бөлінген отын уақтылы жеткізілген.
Міне, осылайша өткен жылы қуаңшылыққа қарамастан, тәп-тәуір өнімге қол жеткізіп, қамбалары қызыл дәнге толған, облыстағы озаттардың алдыңғы қатарынан көрінген ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ырыздық жолында ынтымақты еңбек етуде.
– Ұжым тұтас организм іспетті, – дейді серіктестік агрономы, – егер еш жерінде мүлтік болмай, бір кісідей жұмылып жұмыс істейтін болсақ, серіктестіктің 12 мың гектар егістік алқабына уақтылы тұқым сеуіп, адал еңбегіміздің арқасында ел игілігі еселене түсер еді. Ол үшін шағын болса да ұжымның берекесі, бірлігі болғаны жөн.
Иә, бірлік болса, егін де жақсы көктемек, ел іші де берекелі болмақ.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы