Айтты-айтпады, табиғатты ластауға, орман-тоғайды отауға, аң-құсты жойып жіберуге шеберміз. Ал оның орнын толтыруға келгенде, көпшілік үнсіз қалады. Әйтеуір, мемлекет тарапынан табиғатты қайта қалпына келтіріп отыру үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, азды-көпті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқасын айтпағанда, биыл мемлекеттік тапсырыс арқылы өңірдің ірі суқоймаларына 30 млн ақсақа балығы жіберілді.
Шыны ыдыстағы суда тарыдай уылдырықтар бұрқ-сарқ қайнап жатқан тәрізді. Әбден жетілгендері жарылып, дернәсілі кеңдеу ыдысқа бөлініп шығады. Өздерінен көздері үлкен дернәсілдер белгілі уақыттан соң сүзіп алынып, көлдерге жөнелтіледі. Өкініштісі, көлге жіберілген дернәсілдердің 3 пайызы ғана толық жетіледі екен. «Балық – судың құрты» демекші, балық біткен табиғи жолмен көбеймей ме дейсіз ғой. Дәл қазіргі таңда Ертістегі балықтың өздігінен көбеюіне су электр стансалары көп кедергі келтіреді. Әсіресе көктемде ағысқа қарсы жүзіп, жалпақ беткейлердегі қайраңдарға уылдырық шашатын балықтар жасанды бөгендерден өте алмайды. Суқоймалардағы су деңгейінің өзгеруіне қарай, су температурасы да құбылмалы. Екіншіден, өңірде өзегі талмайтын балықшылар да аз емес. Бірі рұқсатпен ауласа, енді бірі жасырын ау құрады. Сондықтан да балықтандыру жұмыстары мемлекет тарапынан қолға алынған. Жыл сайын Зайсан, Ертіс бассейніне 30 млн шабақ жіберіліп отырады.
Мамандардың айтуынша, Ертіс бассейні көлемі жағынан балық шаруашылығын жүргізетін су айдыны ретінде елімізде үшінші орында. Демек мұндағы балық аулау кәсібі – өңірдің азық-түлік кешенінің ажырамас бөлігі деуге болады.
– Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Бұқтырма суқоймасындағы тауарлы балық өсіруге арналған үш учаскені 20 жылға жалға беру жөнінде конкурстар өткізілді. Әрі қарай тор ішінде тауарлы балық өсірушілерге осындай төрт учаскені бекітіп беру қарастырылған, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов.
Сонымен қатар Өскемен суқоймасында «ШығысУниверсал» және «ГрандФиш» сынды екі кәсіпорын форель балығын тор шарбақтарда өсіріп жатыр. Былтыр облыс аумағында өсірілген тауарлы балықтың көлемі 480 тоннаны құраса, биыл бұл көрсеткішті 1 297 тоннаға жеткізу жоспарланған.
Тауарлы балық өсірумен қатар «ШығысУниверсал» кәсіпорны инкубациялық цехтарда ақсақа тұқымды балықтардың дернәсілдерін өсіріп жатыр. Олар жасанды жолмен суқоймаларды балықтандырып, тұтынушыларды балықпен қамтамасыз етуді көздеген.
– Инспекция «ШығысУниверсал» кәсіпорнының мемлекеттік тапсырыс аясында өсіріп жатқан рипус балығының уылдырықтарын инкубациялық аппараттарға қойып, одан дернәсіл алуға дейінгі кезеңін үнемі бақылауда ұстайды. Бүгін уылдырықты жарып шыққан дернәсілдерді Бұқтырма суқоймасының Васильев өткелінің тұсына жібердік. Бұдан бөлек ақсақа балықтарының 17 млн дернәсілін Шүлбі суқоймасына жібергенбіз. Бұқтырма суқоймасына биыл 13 млн дернәсіл жібереміз, – дейді Т.Рахымжанов.
Ал «ШығысУниверсал» ЖШС-ның директоры Вячеслав Асанов мемлекеттің балық шаруашылығын дамытуға назар аударып отырғанына қуанышты.
– Биыл біз инкубациялық цехта ақсақа балығының дернәсілін өсіре бастадық. Бұл балық түрінің инкубациялық кезеңі өте ұзақ. Шамамен бес ай. Қарашада ұрықтандырылған уылдырықтан табиғи жағдайда сәуірдің ортасына қарай дернәсіл жарып шығады, – дейді балық өсірудің қыр-сырын меңгерген В.Асанов.
Көргеніміздей, инкубациялық цехтағы судың ағысы, температурасы табиғи жағдайға ұқсас. Уылдырық та табиғаттағыдай уақытында жарылады. Төрт жыл бұрын балықтың алғашқы миллион дернәсілін өсірген бұл кәсіпорын жыл басынан бері оның санын 60 млн-ға жеткізген. Олар күз айларында ақсақа балықтарын аулап, одан уылдырық сығып, жасанды жолмен уылдырықты жетілдіреді.
– Уылдырықты инкубаторға салған соң бес ай басы-қасында жүреміз. Бұл өте қызықты жұмыс. Уылдырық ерте жарылмауы үшін суға мұз салып, суытып отырамыз. Өзен-көлдердің мұзы толық ери салысымен дернәсілдерді, көлге жібереміз, – дейді әңгімесінде В.Асанов.
Уылдырықтан жаңа шыққан құрттай балықтарды көлге жіберудің өзі қызық екен. Цехтағы ыдыстан шелекке сүзіп алып, жүк көлігіндегі үлкен бөшкеге құяды. Жай бөшке емес, ауа айналымы бар арнайы бөшке. Жарыққа жаңа шыққан дернәсілдерді бірден көлге жібере салуға да болмайды. Көл суы мен дернәсілдер тұрған судың температурасы бірдей болуы қажет. Температурада айырмашылық болса, ұсақ дернәсіл өліп қалуы мүмкін. Сол үшін көл жағасына жете сала В.Асанов арнайы құрылғымен көлдің температурасын тексерді. Содан кейін ғана көзге көрінер-көрінбес дернәсілдерді айдынға түтік арқылы төкті.
– Суқоймаға жіберілген 30 млн дернәсілдің тоқсан мыңға жуығы уылдырық шашатын жасқа жетеді деген үмітіміз бар. Әрине, миллиондаған дернәсілдің ішінде тоқсан мың дегеніміз, сырт көзге тым аз көрінуі мүмкін. Десе де, Ертіс бассейніндегі балықтардың көбеюіне аз да болса, септігін тигізеді, – дейді Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына қарасты «Алтай» бөлімшесінің бастығы Бауыржан Әубәкіров.
Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстанда балық өсіруді қолға алған кәсіпкерлердің шаруалары шалқып отыр. Ең бастысы, өңір кәсіптің бұл саласы үшін өте қолайлы. Оның үстіне, балық өніміне деген сұраныс елімізде күннен-күнге артып келеді.
Шығыс Қазақстан облысы