Кейінгі уақытта қан қысымы ауруы «жасарып» бара жатқаны байқалады. Қоғамда әртүрлі топ өкілдері қан қысымының жоғарылап не түсіп кеткені жайлы емін-еркін әңгіме ететін жағдайға жетті. Өрімдей баладан еңкейген қартқа дейін бұл күйді кешуі қалыпты дүниеге айналып барады. Бұған не себеп?
Ауру тудыратын факторлар
Мамандардың пікіріне сүйенсек, қан қысымын туындатушы негізгі фактор – қимыл-қозғалыстың аздығы. Гаджеттік құрылғылар мен компьютерлік технология белең алған тұста еңбек жүйесі білекке емес, білімге, санаға ауғаны рас. Күнімен дене еңбегімен шұғылданып, ала таңнан қара кешке дейін сыртқы шаруамен айналысып үйренген қазақ отбасы урбандалудан кейін қала өміріне толық бейімделе қоймағаны да жасырын емес. Содан да бір орында көп отырып, қол-аяқ қимылына баса мән бермеген қарапайым халықты қан қысымы ауруы оңай иектеп отыр. Қан қысымын тудырушы келесі бір фактор – майлы, фастфуд тағамдарды тұтыну. Мұндай майлы, тұзды тағамдар адам ағзасындағы холестериннің, қан құрамында май мен қант мөлшерінің молаюына әкеліп, қан қысымына ұшыратады. Тез дайындалатын тағамдар елімізде кеңінен тараған. Қазіргі таңда Еуропада бұл ас мәзірінен семіздік ауруы етек алып барады. Өткен жылдардың мәліметіне сүйенсек, әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 млн бала семіздік дертіне шалдықса, елімізде әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегіп отыр. Мұның бәрі ата-ананың баланы дұрыс тамақтандырмауының не өздері жақсы өнім пайдланбауының салдарынан туындауда. Бұрын Еуропа мен Америка елдеріне ғана тән жағдай болып көрінген семіздік ауруының түрлері Қазақстанда да қауіпті тенденция саналып отыр.
Қан қысымы ауруының алғашқы белгілері көз алды қарауытып, бастың айналуы мен тұла бойдың әлсіздігінен, құлақтың тоқтаусыз шыңылдауынан білінеді. Мамандар мұндай кезде тез арада қан қысымын өлшеткен дұрыс екенін айтады.
Қан қысымын туындататын факторлардың тағы бір маңызды түрі – стрестік жағдайлар мен шектен тыс эмоционалды көңіл күй. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен ютуб арналары адамдардың көңіл ауанын әр тарапқа аударуда. Әсіресе фейсбук, инстаграм сынды қолданыс аясы кең әлеуметтік желілерді қолданушылар жетерлік. Егер желілерді мөлшерінен артық пайдаланса, ғалымдар мұның салдары психологияның бұзылуына, невроздық кері әсерлердің өршуіне әкеліп соғатынын дәлелдеуде. Сараптама бойынша жер бетінің 3 млрд тұрғыны интернет желісін қарқынды пайдаланады. Бұл үрдіс ең әуелі тәуелділікті арттырса, одан соң есту, көру, ойлау қабілеттерін шектеуге, қан қысымының жоғарылауына әкеліп соғып отыр.
Ауру тұқым қуалауы мүмкін бе?
Адамның ата-анасында қан қысымы ауруы болса, ұрпағында да ауру пайда болуы ықтимал қауіп-қатер бар екен. Егер сіздің ата-анаңызда қан қысымы ауруы болып, бірақ сіз денешынықтырумен айналысып, артық салмақ қоспай, саламатты өмір салтын сақтасаңыз, бұл дерт сізден айналып өтпек. Мамандардың пікіріне сүйенсек, тұқым қуалайтын аурумен күресу басқа ауруларға қарағанда қиынға соғады. Өйткені ата-анадан берілген аурудың белгілері о бастан болуы мүмкін. Сол себептен қан қысымы тек орта жастан асқан немесе егде адамдарда ғана пайда болады деген ұғым теріс. Нұр-Сұлтан қалалық №10 емхананың дәрігер-кардиологы Айзат Аманқызы бұл жөнінде: «Тұқым қуалаушылық барлық аурудың бірінші себебі деуге болады. Туған-туыста созылмалы ауру болса, ол дертке баласы да бейім болып тұрады. Артериялық қан құрамын басқара алатын, басқара алмайтын жағдайлар бар. Өзгерте алмайтын себеп – үшеу. Олар – тұқым қуалаушылық, адамның жынысы және жасы. Осы себептерді біз өзгерте алмаймыз, қалғанын өзгертуге болады. Міне, тұқым қуалаушылық бірінші себепке жатады. Бірақ ауруға апарар себептермен күрессек, туысыңда дерт болса да одан ірге бөлуге мүмкіндік бар», деп айтты. Шынында, кез келген ауру түрі тұқым қуалауға бейім болғанымен, адамның өз таңдау еркі бар екені даусыз.
Бұл дерт неге жасарып барады?
Дәрігер-кордиолог Айзат Аманқызы: «Жиырмадан асқан, отызға жетпеген әйел адамдар да, ер адамдар да, өкінішке қарай, қан қысымы ауруына жиі шалдығып жатыр. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымы бойынша, бұл одан әрі қарай көбейе береді, жасара береді деген болжам бар. Неге десеңіз, бірінші, дене салмағының артуы өршіп барады. Семіздік ауруының 70-80 пайызы біздің тұтынып жүрген тағамдарымызға байланысты. Екінші мәселе – қимыл-қозғалыстың аздығы. Қазіргі біздің жастар да, орта жастағы адамдар да көбіне көлікпен жүреді, жұмысы автоматтандырылған, көп қозғалысқа түспейді. Сосын темекі шегу мен созылмалы хроникалық стресс өте көп болып отыр. Отбасылық стресс, қаржылық стрестер бар, осы факторлардың бәрі қан қысымы ауруының жасаруына әкеліп соғып жатыр», дейді.
«Заманына қарай адамы» дегендей, қалада туған жаңа ұрпақ, жас балалардың көбіне телефонға байланып отырғанын байқаймыз. Қала берді, мәнсіз-мағынасыз видеолар мен атыс-шабысқа құрылған ойындар балалардың психологиясына кері әсер етіп, стреске шалдығуға әкеліп соғуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын жүйесіз ойындарға құныққан бала көгілдір экран ішіндегі әрекетті отбасында қайталап, туысқанын жазатайым мерт еткені ақпарат құралдары беттерінде жарияланған еді. Бұл жағдайлардан түсінетініміз, қан қысымының «жасаруының» ең негізгі себебі – ата-аналардың балаларының денсаулығына деген салғырт көзқарасы, мүкіс тәрбиесі. Лев Толстойдың «Әр адам өз ауласын сыпырса, бүкіл қоғам тазаланар еді», дегеніндей, әр ата-ана өз ұрпағына тиісті тәрбие бере алса, теріс әдеттен ада, дені сау балалар ел болашағына елеулі үлес қосары талассыз ақиқат.