• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 18 Мамыр, 2022

Қайта оралған инвестордан қайыр бар ма?

196 рет
көрсетілді

Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары Екібастұз қаласындағы шағын индустриялық аймақты дамытуға ниетті. Көмірлі шаһарды таңдауы бекер емес. Мұнда жарықпен жарылқайтын ірі электр стансалары орналасқан. Қала берді, моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде бұл өңірге республикалық қазынадан қомақты қаражат бөлінеді.

Жуырда облыс әкімі Әбіл­қайыр Сқақов Canarax Trading LLP компаниясының құрыл­тайшылары Нитинг Бхатнагар және Ибраһим Ахмет Абдолла әл Хаммадимен кездесті. Ә.Сқақов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвес­тиция­лық жобаларды іске асыруды үдету туралы тапсырмасына сәй­кес өңірлік маңызы бар индус­трия­лық аймақты құру бойынша жұмыс­тар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Бұл біздің бірінші кездесу емес. Өткен жылдың наурыз айында Абу-Дабиде біздің өкіл­деріміз өзара ынтымақ­тас­­тық туралы меморандумға қол қойған еді. Бұдан кейін Екібас­­тұз қаласында өңірлік индус­триялық аймақ құрылды. Шағын индустриялық аймақтың жетек­ші инвесторы ретінде «Canarax Trading» компаниясы шақыры­лып отыр. Екібастұз қаласының кешенді даму жоспарын бекіту кезінде көмір химиясын дамытуға басымдық бердік. Біз үшін көмір – Екібастұздың басты ресурсы және шикізат базасы, – деді Ә.Сқақов.

Бұл ретте инвесторларға көмір химиясын дамыту бо­йынша көмір күлін қалдықсыз қайта өңдеу технологиясының, шайынды суларды тазалау үшін ардсорбенттер әзірлеудің дайын патенттері бар химия және көмір институтымен әріптестік байланыс құру ұсынылды.

Компанияның құрылтай­шысы Нитин Бхатнагар пандемия кезеңінде Қазақстан­мен байланыс орнату қиынға соққанын, қазір бірлескен жобаларды жүзе­ге асыруға мүм­кіндік мол екенін айтты. «Біз индустриялық аймақ­ты жүзеге асыру бойынша жұмыс жүр­гізіп, әлеуетті инвесторлармен кездестік. Екібастұздағы шағын индустриялық аймақтың табыс­ты жұмыс істеуін міндеті­мізге аламыз», деді ол.

Қазірдің өзінде инвесторлар Екібастұз қаласында және «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Canarax Ekibastuz Industrial Zone» ЖШС-ін тіркеп үлгерген. Кейін индустриялық аймақтың басқарушы компания­сы ретінде жұмысын жалғас­тыратын болады.

 

Павлодар облысы