• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Мамыр, 2022

Ел денсаулығы – ерекше назарда

399 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау­ларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында отандастарымыздың денсаулығын сақтау, медицина саласын дамыту мақсатында бірқатар тапсырма жүктеген еді. Орталық коммуникация­лар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Ведомство басшысының айтуынша, Президент жүктеген 26 тапсырманың бүгінде бас-аяғы 15-і іске асты. Ал қалған 11-і ұзақмер­зімді орындалу кезеңінде. Министр елдегі эпидемиялық ахуалды тұрақ­тандыру жөніндегі тапсырмаларға да тоқталды. Осылайша, бүгінде еліміздің барлық өңірінде эпидемиялық жағдайдың тұрақтанғаны байқалып отыр. Тәулігіне коронавирус ин­фек­циясының 10-ға жуық жағдайы тіркеліп, науқастардың 98%-дан аста­мы сауығып кетті. Коронавирус инфек­циясының таралуына жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар эпидемиялық жағдайды ескере отырып, эпидемияға қарсы шаралар жолға қойылды. Елдегі зертханалар жүргізетін ПТР-зерттеулердің бірыңғай базасы қалыптастырылды.

– Бүгінде орта есеппен тәулігіне 15 мың адам екпе салады. Осы уақытқа дейін вакцинаның 1-компонентімен 10,6 млн адам (вакциналауға жататын ересек адамдардың 83,3%-ы, халықтың жалпы санының 55,8%-ы), ал 2-компонентімен 10,25 млн отандасымыз (вакциналауға жататын ересек адамдардың 81,3%-ы, халықтың жалпы санының 53,9%-ы) вакцина алды. Бұған қоса 4,2 млн адам қайта екпе салдырды, – деді министр.

А.Ғинияттың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Парламент Сенаты қабылдаған «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты био­логиялық қауіп-қатерлерді ерте анық­тау, алдын алу және болдырмау сана­лады. Сонымен қатар осы құжат шең­берінде биологиялық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жүйесінің тиімді жүйесін құру жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі басым бағыттың бірі – медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК). Бұл – халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге бағытталған қызмет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау мақсатында МСАК-ты халықтың, соның ішінде ауыл тұрғындарының қолжетімділігін, жеделдігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Бұл ретте министр осы бағыттағы нақты шаралар туралы айта келе, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру жөніндегі шараларға да тоқталды. Соның шеңберінде тұрғындар саны 50 адамға дейінгі елді мекендерді үйде медициналық қызметкермен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Мәселен, тұрғындарының саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдық елді мекендерде медициналық пункттер құру, 500-ден 1 500 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер ашу, ал 1 500-ден 5 мың адамға дейінгі елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар ашу көзделіп отыр.

Сондай-ақ азаматтардың көп­те­ген өтінішін ескере отырып, амбу­ла­то­риялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағи­далары бекітілді. Онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз кон­суль­тациялық-диагностикалық қыз­меттер көрсету көзделіп отыр. Ал онкологиялық және гематологиялық аурулары бар пациенттерге ыңғайлы болу үшін «жасыл дәліз» енгізілді. Соның шеңберінде онкологиялық ауруға шалдығу күдігі бар пациент­терге 18 жұмыс күні ішінде консуль­тация жүргізіліп, тексеріледі. Олар зерт­ханалық зерттеулерден, ультрады­быстық тексеруден, рентгеннен, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопиядан өте алады.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай МСАК-тың 500 нысанының құрылысы, ауыл тұрғындары мен балалар үшін профилактиканың жаңа тәсілдерін енгізу (Check-Up), пациенттерге бағдарлануды дамыту (мобильді бригадалар, үздік практика орталықтары, АББ) және басқа да көптеген шара қолға алынады. Осы шараларды іске асыру нәтижесінде МСАК-қа бару санын жылына бір тұрғынға шаққанда 6-ға дейін (2021 жылы – 5,8) ұлғайту, сондай-ақ МСАК-ты қаржыландыру үлесін 54%-дан 60%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

А.Ғиният Президенттің Балалар жылы аясында берілген тапсырмаларын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі жүргізілетін зерттеулер көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін кеңейтеді (ОАК, ОАМ, оптоакустикалық ремиссия). Сонымен қатар республикалық бюджет қаражатынан 16,4 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру, сирек кездесетін 9 ауру, соның ішінде жұлын-бұлшық ет атрофиясы және эпилепсиясы бар балаларды емдеу үшін дәрілік заттардың 24 позициясын сатып алу көзделдіп отыр.

Министр ведомство іске асырып жатқан Мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларының қатарында медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру, жыл сайын жалақыны жоғарылату жөніндегі шаралар туралы баяндады. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мәселелеріне қатыс­ты аталған сала қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйе­сін енгізу туралы хабарлады. Сондай-ақ А.Ғиният Президенттің дәрігерлерді қолдаудағы үлкен рөлін атап өтті. Оның айтуынша, егер 2018 жылы медицина қызметкерлеріне тек 49 награда берілсе, Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл ішінде медицина қызметкерлеріне 1 225 түрлі награда табыстады.

Ведомство басшысы өз сөзінде аурухана инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне қатысты да мәлімет берді. Осы тапсырманы іске асыру аясында биыл 20 медициналық нысан ашу жос­парланып отыр. Ал 2023 жылы 37 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар 2025 жылға қарай 500 МСАК нысанының құрылысы жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында министрлік медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу механикасын әзірледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін арттыруды қамтамасыз ету үшін нақты іс-шаралар қабылдады.