«Үздік ұланбасы-2022» облыстық байқауына қатысқан балалардың бойындағы от-жалынды көріп, жанымыз жадырады. Жас та болса бас болуға ұмтылған балалардың бойында ұлтына деген құрмет, еліне деген махаббат, Отанына деген ыстық ықылас шүпілдеп-ақ тұр екен.
Бұл іс-шара – жас ұрпақтың бойына парасатты патриотизмді, берік білім мен өзін өзі қамшылап, жетілдіруге деген ғаламат құштарлықты ұштауға және құрбыларына үлгі етуге бағытталған бастама. Әрі өздері аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінен озып шыққан өрендер екен. Оларға облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың жампоздары қосылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын, көрерменнің қанын қыздырып, көкірегіне ризашылық сезім ұялататын бәсекенің бәсі де кілең сайдың тасындай бүгінгі заманның қияға қанат қаққалы тұрған темірқанат балапандардың көптігімен қыза түсті.
Мазмұны терең, мәнді іс-шараны олыстық білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы мен облыстық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Байқауға қатысушылар алдымен жатық, жалынды тілмен өздерін таныстырды. Былтырғы оқу жылында өткізілген мазмұнды іс-шаралар туралы шолу жасалды. Әрқайсысы өздерінің қиял қанаты жеткен жеріне дейін барып, өздері осылай дұрыс болады-ау деп топшылаған бағыты бойынша түзген бағдарламаларымен таныстырды. Әсіресе, шығармашылық шеберханасы көп көңілін өзіне аударған мазмұнды аталым болды.
Қорытындысын сарапқа салған кезде Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының ұланбасы Алуа Дулатова ие болды. Талабы тас жаратын өзге де оқушылар арнайы сыйлықтарға ие болды. Осындай мазмұнды шаралар жиі өткізілсе, өзге оқушылар да топ жарған тарланбоздармен үзеңгі қағыстырмақ болып ұмтыла түсер еді.
КӨКШЕТАУ