• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Мамыр, 2022

Әлемде 44 миллион адам аштық алдында тұр – БҰҰ

323 рет
көрсетілді

БҰҰ штаб-пәтерінде өткен «Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі: іс-қимылға шақыру» министрлік конференциясында мәлім болғандай, әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр, ал 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«БҰҰ мәліметі бойынша әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр және 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді», делінген хабарламада.

Конференцияға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Германия, Италия, Пәкістан, Румыния, Түркия Сыртқы істер министрлері және БҰҰ-ға мүше 30 елдің өкілдері, сондай-ақ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы халықаралық ұйымдар басшылары мен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Ауғанстан аумағына халықаралық гуманитарлық көмекті жеткізудің сенімді жолдарын қамтамасыз етуге жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Қазақстаннан Ауғанстанға өткен жылдың қазан айында ауған халқы үшін 20 мың тонна ұн сатып алды.

«Осыған байланысты біз осы мәселеде барлық мүдделі және халықаралық құрылымдардың, соның ішінде Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі ислам ұйымының қолдауына және қатысуына үміт артамыз», деді министр.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясының басшысы серіктес мемлекеттерді мұқтаж елдер үшін ауыл шаруашылығы секторындағы еңбек өнімділігін арттырудың тиімді тетіктерін құру бойынша халықаралық қаржылық қолдауды күшейтуге шақырды.

Айта кетсек, сол күні ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың серпіні мен перспективаларын талқылады. Министр Жаңа Қазақстанды құру бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары және ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша алдағы референдум туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысына Мемлекет басшысы атынан биылғы жылдың 14-15 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне шақыру тапсырылды.