• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Мамыр, 2022

Депутат мектепке дейінгі білім беру саласындағы мәселені көтерді

614 рет
көрсетілді

Мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың 50%-да мамандандырылған салалық білімі жоқ. Бұл туралы сенатор Динар Нөкетаева депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, елімізде мектепке дейінгі білім беру саласындағы оң өзгерістерге қарамастан, жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар күрделі мәселелер орын алып отыр.

Депутат мектепке дейінгі білім беру саласындағы бар проблемаларды бірнеше негізгі блоктарға бөлуге болады деп есептейді. Оның ішінде: қаржыландыру мәселелері, жалпы және ғылыми тәсілдер, кадрлық қамтамасыз ету және осы саладағы сапалы қолдау да бар.

Осы факторлардың аясында мектепке дейінгі сала қызметкерлері педагогикалық және психоэмоционалдық тұрғыда ауыр жағдайға тап болады. Балаларға қол көтеруге дейін қатыгездік таныту, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтар тарапынан тәртіптік бұзушылықтар жиі орын алып отыр.

«Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 3 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақша топтарын ашу уақыт күттірмейді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдай мен болжау деректерін талдау негізінде өңірдің стратегиялық жоспарымен байланыстыра отырып, мектепке дейінгі саланы дамытудың қысқа мерзімге арналған кешенді жоспарын әзірлеуі қажет. Өңірде жан басына шаққандағы қаржыландыру коэффициентін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Сараланған және мөлшерлемелік ақы төлеу жүйесінің тетіктерін пайдалана отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет», деді сенатор.