• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Мамыр, 2022

Терезеден құламасын сәбилер...

679 рет
көрсетілді

Былтыр Павлодар облысында 9 балдырған терезеден құлап, екеуі жан тапсырған. Жалпы, соңғы бес жылда өңірде 50-ге жуық оқыс оқиға тіркеліп, жиырма шақты сәбидің өмірі үзілді. Көңіл көншітерлік көрсеткіш емес, әрине.

Бұл мәселені жаза бастағанымыз сол еді, 15 мамыр күні облыс орталы­ғын­да тағы бір жазатайым оқиға орын алды. Бір жарым жастағы қыз бала тоғызыншы қабаттан құлап, ауру­хананың жансақтау бөліміне жат­қы­зылды. Сәбидің періштесі қағып, дүкеннің күнқағарына түскен екен. Соның өзінде жағдайы тым ауыр. Балаға ауыр бас сүйек-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі бас миының соғылуы, травматикалық шок диагнозы қойылған. Ол инотропты қолдау және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Енді аман-есен қатарға қосылсын!

Өкініштісі сол, ата-аналардың көбі балалардың қауіпсіздігіне салғырт қа­рауда. Дүкенге 5 минутқа шығу бы­лай тұрсын, кішкентай сәбилерді жалғыз қалдырып, базар жағалап кете­тіндерін қайтерсің? Бір минут жал­ғыз­дық­тың өзі қауіпті. Бір сәт – бір тағдыр. Кейде осы бұрынғы ағаш терезелер дұрыс па деп ойлайсың. Оны ойлайтын ата-ана бар ма? Жұрттан ұят болады, заманнан қалмайық деп қарызға батса да пластикалық терезелерді ор­на­туға асық. Ол да дұрыс шығар. Бастысы – балалардың қауіпсіздігін ұмытпайықшы!

Иә, ата-аналар сақ болсын. «Әкімдік қайда қарап отыр?», деудің реті бұл жер емес. Құзырлы органдардың қолынан түсіндіру, ескерту жұмыстары ғана келеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Шәкір Ахметовтің мәліметінше, терезеден құлауға «бейім» балалардың жасы 1,5-10 жас аралығында екен. Ес біледі деген оймен 10 жастағы баланы да жалғыз қалдырмау керек екенін түсінген боларсыз.

– Ашық терезе бала үшін қауіпті екенін естен шығармаңыз. Егер үйде бала болса, ешқашан терезелерді ашық қалдырмаңыз. Сіз баланың жа­нын­да тұрғандай болсаңыз да, бір секундқа көңіліңіз ауып кетсе, сол секунд баланың өміріндегі соңғы сәт болуы мүмкін. Ешқашан шыбын-шіркейге қарсы торларды қорған ре­тінде пайдаланбаңыз. Балалар оған сүйеніп, әлсіз тұрған тормен бірге құлап кетеді. Баланы ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Бала терезені өз бетінше аша алмайтындай етіп терезелерге кедергі орнатыңыз. Бала терезеге көте­рілмеуі үшін жиһазды терезе жа­ны­на орналастырмаңыз. Барынша сақ болыңыз, ата-ана! – дейді Шәкір Ахметов.

Облыстық білім басқармасына ха­бар­ласқанымызда ондағылар өңірде «Қауіпсіз терезе» акциясы басталғанын айтты.

– Акция шеңберінде көпбалалы отбасылардың пәтерлерінің терезе­сіне бекіт­кіштер мен торларды орнату қайы­рым­ды жандардың қаражаты есебін­ен қойылады. Оқу орындарында ата-аналар жиналыстары, қорғаныс торларын, бекіткіштерді, шектегіштерді орнатумен айналысатын кәсіпкерлермен кезде­сулер ұйымдастырылуда. Мұға­лім­дер мен тәрбиешілер үшін бала­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу шаралары бойынша тиісті нұсқаулық өткізілуде, – дейді бас­қарманың бөлім басшысы Гүлмира Байғазинова.

Бұған дейін мектепке дейінгі және бастауыш сыныпқа дейінгі бала­­ларды тәрбиелеп отырған, екін­ші қабаттан жоғары тұратын, терезелерге бекіткіштерді орнатпаған отбасылардың тізімі анықталған. Былтыр аталған акция шеңберінде әлеуметтік әлсіз топтағы 70 отбасыға көмек көрсетіліп, үй терезелері қор­ға­ныс қондырғылармен мықтап бе­­кітіліпті. Жалпы, облыста 381 мек­тепке дейінгі мекемеде 1-6 жас ара­­лығындағы 37 490 бала тәр­бие­ле­нуде.

Облыстық полиция басқармасы да қол қусырып отырмағандарын айтады. Ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина балаларды қараусыз қалдырған ата-аналар жауапқа тартылатынын еске салады.

– Қылмыстық кодексте тиісті шара қарастырылған. Ата-аналар екі жылға дейін бас бостандығынан айы­рылуы мүмкін. Профилактикалық іс-шараларды төтенше жағдайлар департаментінің, білім беру сала­сы­ның өкілдері де қолға алуда. Түсіндіру жұмыстары онлайн ре­жім­де де өткізілуде. Мамандар ата-ана­лардың әлеуметтік желілердегі чат­тарына шығып, қарапайым ере­же­лерді түсіндіруде, – дейді Б.Қамзина.

Баланың қауіпсіздігі акциямен реттелмесе керек. Әншейінде «Қазақ еліне +1» бала деп есіміз шығып жатады ғой. Сәбидің дүниеге келгенін асыға күтіп, кейін жауапкершілікті ұмытып жататынымыз өкінішті-ақ. Балаға зар болған отбасыларға Алла берем десе «терезеден береді», деп білгішсіне сөйлейміз, ал енді сол баланың ғұмыры терезе арқылы үзілуіне жол бермейік!

 

Павлодар облысы