• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Мамыр, 2022

Жеңілдіктер қайта қарастырылуы керек

331 рет
көрсетілді

Сенатта «Арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін бағалау» тақы­рыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында депутаттар арнайы эконо­ми­ка­лық аймақтардағы кәсіпорындарға берілетін жеңілдіктерді қайта қарау қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ жаңа арнайы экономикалық аймақтар құруға мораторий енгізу, бейінді емес бағыттарды қысқарту, сондай-ақ қайта бөлу деңгейі бойынша өңдеуші өнеркәсіп шеңберінде қызметтің басым түрлерінің жеке тізбесін қалыптастыруды ұсынды.

Комитет төрағасы Серікбай Трұмов дөңгелек үстел отырысын аша келіп, арнайы экономика­лық аймақтардың құрылу себебі­не тоқталды. Қазіргі замандағы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет сапасының жаңа деңгейін қалыптастыру, инвес­ти­­циялар тарту, салалар мен өңір­лерге жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықты жұ­мыс­пен қамту мақсат етілгенін жеткізді.

Қаржы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиев АЭА қызметінің тиімділігін талқылау барысында баяндама жасады. Ол Бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті ар­найы экономикалық аймақ­тар­дың қызметіне аудит жүргізгенін, онда инфра­құрылымның аяқ­талмағаны, өнеркәсіпке инвестициялар тарту деңгейінің төмендігі және өндіріс көлемі­нің аздығы жөнінде бірқатар жүйелі кемшілік пен заң тармағының бұзылғаны анықталғанын айтты.

Сонымен қатар Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрінің орынбасары Ма­рат Қарабаев, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұ­рат Жүре­беков, сондай-ақ «Инно­вация­лық технологиялар паркі» АЭА бас директоры Олжас Сартаев баяндама жасады.

Сенаторлар дөңгелек үстел жұ­мысының қорытындысы бо­йынша Үкіметке жіберілетін ұсы­­ныстар әзірледі. Серікбай Трұмов инвестициялар көлеміне, АЭА аумағындағы қызмет түр­лері­нің басымдығына байланысты же­­ңіл­діктер беру кезінде сара­лан­­ған тәсіл мәселесін пы­сық­тау қажеттігін атап өтті. Сон­дай-ақ барлық объекті пай­да­лануға берілгеннен кейін АЭА қатысу­шы­ларына жер алаңын сатып алу мүмкіндігін берудің, аралас тәсілді енгізудің маңызды екені және басқа да мәселелер айтылды.