Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында тәуелсіз Қазақстанның дамуына негіз болатын саяси реформалар пакетін жариялаған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың бірнеше басым бағытына айрықша тоқталғаны мәлім.
Ел дамуына қатысты ірі өзгерістер бірнеше бағыттан тұрады. Саяси жүйені терең демократияландыру, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу қажеттігін Президент айрықша атап өтті. Сондай-ақ Президенттің өкілеттіктерін белгілі бір деңгейде шектеу, Парламенттің екі палатасының қызметін қайта форматтау және Мәжілістің рөлін күшейту, Конституциялық сот құру секілді өзге де маңызды мәселелер күн тәртібінде тұрғаны аян.
Сайлау жүйесін демократияландыру – аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу және партияларды тіркеу процесін одан әрі ырықтандыру керектігі де назардан тыс қалмады.
Бір анығы, саяси реформалар пакеті елімізді жаңа биіктерге бастайтын болады. Енді Конституцияның 33 бабына (31 бапқа және 2 жаңа баппен толықтыру) түзетулер енгізілмек. Түсіне білген адамға бұл қадам мәні зор жаңару процесі екені рас.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған үндеуінде 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өткізетінін ресми түрде мәлімдеді. Расында да бұл – өте жауапты қадам. Конституциямыздың үштен бір бөлігі өзгеретіні белгілі. Президент осынау жауапты қадамға Қазақстан халқы толықтай үн қатқанын қалайды. Референдум өткізу арқылы біз демократиялық үрдістерді одан әрмен жаңғырта түсеміз. Ең бастысы, бұл бастама Қазақстан халқының Президентке деген сенімін еселейді. Олар ел дамуындағы жаңа әрі батыл бастамаға қатысты өз ойларын ашық білдіре алады.
Елімізде болып жатқан барлық саяси реформа, өзгеріс әділетті қоғам құру процесінде маңызды рөлге ие болатыны даусыз. Сол себепті де барлық саяси өзгеріс бізді бейжай қалдырмайды. Қалай алып қарасақ та, бұл істе жұрт болып жұмыла білген ләзім. Еліміздегі батыл бастаманың өзегі Президенттің өкілеттіліктерін күшейтуге емес, ықпалды Парламент құру арқылы қоғам үнін ескеретін Үкіметті қалыптастырудың алғышарты болатыны мәлім.
Жаңа Қазақстанды қалыптастыратын жаңа кезең келіп жетті. Бұл ретте біз «Екінші Республика», «Жаңа Қазақстан» ұғымдарына айрықша назар аударғанымыз абзал. Алдағы уақытта жұртшылық тың саяси реформалар арқылы дамудың жаңа белесіне ұмтылған Қазақстанның қарышты қадамына куә болатыны даусыз.
Референдум – халықтың пікірімен санасу, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді зерделеу. Сондықтан референдумға Қазақстан халқы жұмылған жұдырықтай атсалысқаны дұрыс.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,
Amanat партиясы Жастар қанатының төрағасы