Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алуда. Бүгінде олардың 40%-дан астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды», деді Ералы Тоғжанов жиын барысында.
Ол сондай-ақ ел аумығында ашылып жатқан шетел оқу орындарының филиалдары туралы айтты.
«Жоғары оқу сапасы сенаторлар тарапынан өткір көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Бұл салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау жобасы іске қосылады. Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысының орынбасары.