Алматыда Бұқтырма көшесі-Құлжа күре жолы, Сейфуллин даңғылы-Жансүгіров көшесі және Саин көшесі-Мөңке би көшесінің қиылысында 3 жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов нысандардың қашан салынып бітетіні туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұқтырма көшесі мен Құлжа күре жолы қиылысындағы жолайрықтың құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Қала және облыс аумағында орналасқан қажетті жер телімдерін сатып алу толығымен аяқталды. Бірінші жарты жылдықтың соңына дейін эстакада мен бұрылыс жолдарын салу бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр», дейді Ғани Мырзаханов.
Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы келесі жылға дейін созылуы мүмкін. Дегенмен көлік қозғалысы биыл жыл соңында ашылады деген жоспар бар.
«Бүгінгі күнге әлі де 7 жер телімі сатып алынған жоқ. Бұл жер телімдері бойынша сот ресімдері жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары осы жер телімдерін сатып алуға қарай орындалады. Көлік қозғалысын ашу осы жылдың аяғына, ал толығымен аяқталуы 2023 жылға жоспарланған», деді ол.
Ал, Саин мен Мөңке би көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы жобасына түзетулер енгізілмек. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға көзделіп отыр.