• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2022

Ақтөбе облысында 15 жастағы балаға найзағай түсіп көз жұмды

372 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында ер адам мен жаспөспірімге найзағай түсіп, салдарынан біреуі қаза болды, деп хабарлайды  Egemen.kz Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 20 мамырда Белогорка ауылында болған. Көшеде келе жатқан 15 жастағы жасөспірім мен 27 жастағы жігітке жай түскен.

«20 мамырда сағат 19:15-те Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметінің басқару пультіне Белогорка ауылындағы тұрғын үйдің жанында екі адамға найзағай жарқылы түскені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген бойда 2007 жылы туған баланың көз жұмғаны анықталды, ал 27 жастағы ер адам Ақтөбедегі жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта оның денсаулық жағдайы тұрақты», деп хабарлады ТЖ департаментінен.

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салды. Атап айтқанда, биік ағаштар мен электр желілердің жанында тұруға болмайды. Найзағай кезінде суға түспеген жөн. Себебі жай түссе, су арқылы мерт қылуы әбден мүмкін.

«Сондай-ақ қолда ұзын темір заттарды, мәселен, қармақ пен қолшатырды ұстамау қажет. Сол сияқты темірден жасалған құрылыстардан алыс жүрген дұрыс. Телефонмен қоңырау шалмаңыз. Ол құрылғы қосылып тұрса да, найзағай түсуі мүмкін», деп ескертті департамент мамандары.   Найзағай кезінде металл заттарды да тақпаған жөн.

Аяна Тоғанбек