Қазақстан темір жолы компаниясы жазғы маусымдағы жолаушылар тасымалына қызу дайындалып жатыр. Барлық вагондарға салқындатқыш орнатылып, тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетіліп тұрады, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Қазақстан темір жолының отандық туризмді дамытудағы үлесі орасан зор. Осы жазда 158 жолаушылар поезы жолға шығады. Оның ішінде, 107 бағыт «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының, 30 бағыт жеке тасымалдаушылардың үлесінде. Оған қоса 21 транзиттік поезд қатынайды.
«Біз жазғы маусымда 158 бағытта, басқа уақытта 122 бағытта жолаушы тасымалдаймыз. Паркті жаңарту жұмыстары көбінесе мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылады. Өйткені әлеуметтік бағыттар үкімет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан шығынның бір бөлігін мемлекет есебінен, қалған бөлігін теміржол тасымалынан түскен табыспен жабамыз», деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов
2019 жылы іске қосылған «Мобиус» эдектронды жүйесі жолаушылардың уақытын кәдімгідей үнемдейді. Оған қоса билетті алып-сатарлардың әрекетін шектейді. Әр билет жеке сәйкестендіру номері мен смс код арқылы тексеріледі. Бұдан басқа Қазақстан темір жолының 156 ресми кассасы, 3 мың агенттік және 15 сайт жұмыс істейді.
«Өткен жылдың алғашқы 5 айында онлайн билет сатылымының үлесі 56% болса, биылғы көрсеткіш 70%-тен асты. Бұл электронды билет сатылымының тиімді екенін көрсетеді. «Мобиус» жүйесінің басты мақсаттарының бірі – билеттерді заңсыз алып-сатарлардың жолын кесу», деп түсіндірді «Жолаушылар тасымалы» АҚ департаментінің директоры Ерлан Жимайлов.
Жолаушылар тасымалындағы санитарлық талап та күшейген. Мысалы сапалы мата мен таза мақтадан жасалған төсек-орын су өткізбейді, отқа төзімді. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы биыл тағы 73 вагон сатып алуды жоспарлап отыр.
Аяна Тоғанбек