Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің мәдениет саласында еңбек етіп жүрген өнер майталмандарын кәсіби мерекесімен құттықтауында «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару керек екенін айтты.
Шын мәнінде, мұндай атақ бұрынғы одақтас басқа республикаларда сақталып қалды да, бізде ғана жоқ. Бірақ халық әлі де осындай атақ бар деп ойлайды. Мәселен, мен «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын 1981 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етіп жүргенде алдым. Сол жолы ол атақты 14 актерге берді.Солардың қатарында Құман Тастанбеков, Құдайберген Сұлтанбаев және ең жасы мен болдым.
Қазір өнер саласында елеулі еңбек етіп жүрген белгілі өнерпаздарға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», деген атақ беріледі. Бұл да жақсы. Алайда осы атақты иеленген дарын иесі енді «Қазақстанның халық әртісі» атағын алуға ынталана түседі. Бір жағынан, атақты өнер адамының еңбегіне берілген құрмет деп бағалауымыз керек.
Біздің елімізде өнердің қай саласында болсын топ жарған таланттар жетеді. Солардың еңбегін дер кезінде көріп, бағалай білсек, оның бағы жанады. Мысалы, өзім театрда жан аямай еңбек етіп жүрген майталмандарды жақсы білемін. Олардың жалақысы да айтарлықтай дей алмаймын. Бірақ солар атақ үшін қызмет істеп жүрген жоқ, өнерді жан-тәнімен сүйеді. Сондай-ақ бейнелеу өнерінің мамандары да үнемі назардан шет қалып қояды. Оларға да бұрынғы «Қазақстанның халық суретшісі», деген атағы қайтарылса дұрыс болады деп ойлаймын.
Шынында да, бұл мәселе көптен көтеріліп келеді. Енді Президенттің тапсырмасымен шешімін тапқаны, өнер адамдарының мерейін асырды. Біз үшін қуанған күн болды. Кейінгі жылдары өнерге деген қолдау, жанашырлықты сезінеміз. Өзім астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ беремін. Жастар жылында екінші курстың студенттерімен музыкалық қойылым дайындап, оны Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына гастрольдік сапармен барып қойдық. Жұртшылық жылы қарсы алды. Осыны мен өнерге деген қолдаудың бір мысалы деп айтамын.
Меруерт ӨТЕКЕШЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі