• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2022

Жеңілдетілген автонесие: Алғашқы көлік берілді

1017 рет
көрсетілді

Бір апта бұрын басталған 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша алғашқы отандасымыз көлігін алды. Астаналық Бекзат Тілегеннің таңдауы құны 6,5 млн теңге тұратын Chevrolet Cobalt-ке түскен екен.

Бекзат Тілеген автокөлікті алу, ресімдеу жұмыстарының өзі ойла­ғаннан да жылдам жүргеніне қуан­ғанын, таңғал­ғанын жасырмады.

– Бағдарлама іске қосылған күні, яғни 16 мамырда түскі үзіліс кезінде автосалонға келіп өтінім бердім. Жұмыс күні аяқ­талар шақта менеджер хабарласты. VIN-код пен төлемге ар­налған шотты алып кетуімді сұрады. Одан кейін банкке барып несие­ге өтінім бердім. Өнер­кәсіпті да­мыту қорынан үш күн­нің ішін­де несиенің ма­құлданғаны туралы жа­уап келді. Осылайша, банк ме­­нед­жері өті­німнің мақұл­дан­­ғанын айтып сүйінші сұ­ра­ды. Сөйтіп, көлікті ресімдеу жұмыстары басталды, – деді Бекзат.

Ол құжаттарды ресімдеу жұ­­мыс­­­тарына шамамен 15 мың теңге төле­генін, сондай-ақ КАСКО­ сақ­­­тандыруының алғаш­­қы айы­­на төлем жасағанын жет­кіз­ді. Сақ­тандырудың жалпы со­­ма­сы көлік құнының 1,2 па­йы­зына тең.

– Шынымды айтсам, жеңілде­тіл­ген автонесие – өте ыңғайлы бағдарлама. Өзімде бұрын машина болған. Бірақ салоннан жаңа күйінде алғаш рет көлік иеленіп тұрмын. Мен барған автосалонда көліктің екі түрі болды, соның бірін таңдап, ресімдедім. Автонесие алу процесі ашық әрі ке­дергісіз өтті. Түсінгенім, клиент­­тің тұрақты жұмысы бол­ға­ны абзал. Сондай-ақ жеке тұл­ға­ның несие тарихы таза болғаны жөн. Өзім машина құрастыру бойынша инженермін. Екі бала­ның әкесімін, – деді Бекзат Тілеген.

Ол өз сөзінде былтырдан бері кө­лік бағасы қымбаттағанын атап өтті.

– Мен таңдаған модель былтыр шамамен 5,7 млн теңгеге бағаланған еді. Жалпы, аңғар­ға­ным, көлік бағасы жаңа бағ­дар­ла­ма басталған сәттен емес, жыл басынан бастап қымбаттады, – деді ол.

«Банк Центр Кредиттің» елор­­­да­дағы филиалы дирек­то­ры­ның міндетін атқарушы Гүлжихан Ха­митованың айтуынша, банк рес­публика бойынша 4 мың­ға жуық өтінім қабылдаған.

– Елордада, Алматы мен Шым­кентте сұраныстың көптігі бай­қалды. Скоринг жүйесі бо­йын­ша теріс жауап алып жат­қан­дар да бар. Несие беру ке­зін­де өтінім иесінің тұрақты жұ­мысы, тиісінше алты айлық мер­зімде міндетті зейнетақы ауда­рымының болуына, несие тарихының дұрыстығына, төлем қабілеттілігіне назар аударылады. Бұл ретте ипотекасы бар адамдар да автонесие ресімдей алады. Ең бастысы, үміткердің жалақысы жақсы және зейнетақы аударымдары дұрыс болуы шарт, – деді Гүлжихан Хамитова.

Сондай-ақ ол КАСКО сақ­тан­ды­ру бір жылға ресім­де­летінін, содан кейін оны қарыздың қал­ды­ғына ресімдеу керектігін, тиі­­сінше төлемнің азаятынын тү­сін­­дірді. Яғни көпшілік айтып жүр­гендей, сақтандыру төлемін жеті жыл үшін бірден төлеудің қа­жеті жоқ.

«Банк ЦентрКредиттің» автонесиелеу жөніндегі кураторы Әйгерім Қыстаубаеваның пікі­рінше, астанада Chevrolet, Kia және Hyundai брендтеріне сұра­ныс жоғары. Әзірше мақұл­дан­ған несиелердің дені Chevrolet Cobalt және Chevrolet Nexia маркаларына тиесілі.

– Несиесі мақұлданбағандар да бар. Скоринг жүйесі шешімді өзі қабылдайды және автоматты түрде жауап береді. Шамамен 10 өтінімнің 3-4-еуі мақұлданбайды, – деді Әйгерім Қыстаубаева.

Chevrolet автосалонының өкіл­­дері Бекжан Тілегеннен бө­лек, тағы бірнеше адам бүгін-ертең таңдаған көліктерін алып кететінін айтты.

Өнеркәсіпті дамыту қоры­ның мәліметінше, бүгінгі таңда же­ңілдетілген автонесие бағдар­ла­масы бойынша жалпы құны 31,7 млрд теңгеге 4 290 өтінім мақұлданған.

Еске сала кетейік, 4 пайыз­дық жеңілдетілген автонесие бағ­дар­ла­­масына 100 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарлама 30 жылға шақ­тал­ған. Бағдарлама аясында бе­рі­­летін несиенің жылдық сый­а­­қы мөлшерлемесі – 4 пайыз. Банктерден 10 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қаржы­лан­ды­ру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несиенің бастапқы жарнасы 0 пайыздан басталады. Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы керек.

Бағдарлама бойынша Kia, Hyundai, Chevrolet, JАС, LADA брендтердің өнімін сатып алуға мүмкіндік бар. Автонесие алу үшін «Еуразиялық Банк», «Банк ЦентрКредит», «Қазақстан Ха­лық банкі», Forte Bank се­кіл­ді екінші деңгейлі банктерге жүгінуге болады.

Бағдарламаға қатысудың қа­дам­­дары келесідей. Алдымен дилерлік автоорталыққа барып, отандық өндірістен шық­қан автомобильді таңдау керек. Автоорталық өкілдері үміт­керге VIN-код пен төлемге ар­нал­ған шот береді. Үміткер оны банкке апарып тапсыруы шарт. Банк өтінімді қабылдайды. Несие ма­құлданған соң банк кепілхат бе­ре­ді. Оны дилерлік авто­ор­та­лық­қа тапсырады.

Айта кету керек, өтінім бер­ген­­нен кейін тұтынушы таң­далған автомобильдің маркасы мен моделін өзгерте алмайды. Сондай-ақ кезекте тұрған орынды басқа адамдарға қайта тір­кеу­ге болмайды. Бағдарламаға бір үміткер екі жылда бір рет қана қатыса алады.