• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Мамыр, 2022

Елімізде медициналық пойыздар қайта іске қосылды

340 рет
көрсетілді

Бүгіннен бастап еліміздің барлық облыстары бойынша мамандандырылған медициналық пойыздар жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгін біз медициналық пойыздарды іске қосамыз. Қазақстанның барлық облыстарындағы 147 станцияны қамтуды жоспарлап отырмыз. Шалғай станциялардың тұрғындары тегін медициналық көмек ала алады», делінген «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанындағы әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгербаев.

Медициналық бригадалардың құрамында 30-дан астам бейінді мамандар жұмыс істейді. Шалғай елді мекендердің тұрғындары бейінді мамандар – хирург, гинеколог, окулист, стоматологтардан кеңес ала алады.

«Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары сегіз мамандандырылған вагоннан тұрады.

«Мейрамхана вагоны, дизель-генераторлық қондырғысы бар вагон қарастырылған. Төтенше жағдай кезінде мұндай қондырғы шағын елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етеді. Төрт вагон медициналық көмек көрсету үшін жабдықталған. Дәрігерлердің тұруына арналған екі вагон. Вагондар кондиционерлермен, тоңазытқыштармен, теледидарлармен, душ кабиналарымен, биодәретханалармен жабдықталған», деді Ербол Кеңгербаев.

Айта кетсек, жоба 2010 жылы іске қосылған, бірақ СOVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылды.