Демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысының ормандарында 33 өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, өңірде соңғы екі күнде 215 рет шөп жанған. Қызыл жалынның жалпы ауданы 481 гектарды құраған. Бұдан бөлек, ормандарда 33 өрт шығып, 414 гектар жер отқа оранды.
Құтқарушылар тілсіз жаудың алдын алу үшін космомониторингті пайдалануда. Ондағы деректерді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ мен Geosat ЖШС ұсынады. Термонүктелер бойынша деректерді алып, отты тұтанған сәтінде сөндіруге мүмкіндік бар. Бүгінде ғарыштық технологияның көмегімен департамент қызметкерлері 93 өрттің таралуына тосқауыл болды.
Дала өртінің алдын алу үшін мемлекеттік өрт бақылау органдарының қызметкерлері полицейлермен, орманшылармен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізуде. 444 адамнан тұратын 68 мобильді топ құрылды.
Бүгінге дейін 391 рейд өткізілді. Соның нәтижесінде шөп өртеуге және от жағуға байланысты қауіпсіздік ережелерін бұзған 38 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.