Заң органдарынан әділдік таппаған соң барар жер, басар тауы қалмағаннан кейін соңғы үмітін арқалап редакцияға хабарласатындар аз емес. Бәрінің іздегені – шындық, үміт ететіні – әділдіктің орнауы.
Таяуда «Egemen Qazaqstan»-ға Алматы қаласынан Айзада Аманғалиева есімді оқырман хабарласты. Күйеуінің жағдайын бастан-аяқ баяндап берген келіншек өткен жылдан бері талай құзырлы органның табалдырығын тоздырып жүріп жинаған құжат-қағаздарын қолымызға ұстатты. Құжаттармен танысып шықтық. Түсінгеніміз төмендегідей...
Айзаданың күйеуі Ерболат Аманғалиев өткен жылы Алмалы аудандық сотының үкімімен 8 жылға сотталған. Тағылған айып та жеңіл емес – Қылмыстық кодекстің 189-бап 4-бөлігінің 2-тармағы. Яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» және «топ болып», «аса ірі мөлшерде» ақша жымқыру. Мемлекеттік бюджетке келтірілген шығын көлемі 939 миллион теңгеге бағаланған. Жалпы, бұл қылмыстық іс бойынша бес адам сотталған. Олар – «Дала» ЖШС-нің директоры Б.Рысбеков, «Сейсмо- СтройЗащита» ЖШС-нің инженер-сарапшысы П.Жаманқараев, серіктестіктің күрделі құрылыс басқармасының басшысы И.Ниязов, күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Р.Атамқұлов және 2017 жылдың 6 маусымынан бастап «Алматы жылу желілері» ЖШС бас директорының міндетін уақытша атқарған Ерболат Аманғалиев.
Елу бетке жуық бірінші және екінші сатыдағы сот үкімдері келтірген мәлімет-деректің барлығын бір мақала аясына сыйдыру әрине мүмкін емес. Алайда осы істің «сюжетін» қысқаша қайырар болсақ, 2017 жылдың 2 маусымында ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары негізінде «Алматы жылу желілері» және «Дала» ЖШС-лары арасында жалпы сомасы 2 624 994 613 теңгеге шарт жасалады. 2017 жылдың маусым айында тапсырыс беруші «Алматы жылу желілерінің» бас директоры инсульт алып, оның міндетін бас инженер Кирдяйкин атқарып жүрген. Кейіннен Ерболат Аманғалиев ЖШС бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалады. Бұл тағайындауға дейін «Алматы жылу желілері» ЖШС 18 нысанды қайта жөндеу бойынша шартқа қол қояды. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған 4 нысандағы жөндеу жұмысын аяқтауы керек болған. Шарт талабы бойынша мердігер компания магистралды жылу өткізгіш және жылыту желілерін қайта құру бойынша жұмыстарды орындауға, сондай-ақ ЖЭС-1-ден ТК3-23-ке дейінгі М-3А және М-3 жабдықтарын орнату жұмыстарын жүргізген. Алматы қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 1 қарашадағы «Алматы қаласының объектілерін жобалау, салу және реконструкциялау туралы» №4928 қаулысы, сондай-ақ «Алматы қаласының жылу желілерін қайта жаңарту, ЖЭС-1-ден М-3А және М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобалық-сметалық құжаттамасы негізінде бұл құрылыс жұмыстарын «Дала» ЖШС жүргізеді. Тиісті құжатта құбыр орнату жұмыстарының мерзімі 2017 жылдың 31 қаңтарына дейін деп белгіленген. Алайда жеме-жемге келгенде «жылу құбырлары орнатылмаған», «орындалған жұмыс актілерінде көрсетілген мәліметтер жалған», «бөлінген ақша талан-таражға түскен», деген түрлі айыппен осы объектіге бекітілген бірнеше жауапты қызметкер күдікке ілінеді. Солардың ішінде әйелі әділдік іздеп шарқ ұрған Ерболат Аманғалиев та бар.
Айыптаушы тарап ұсынған дерек-дәйектерде «Дала» ЖШС-нің 2017 жылғы маусым-желтоқсан аралығындағы жобалау-сметалық құжаттамада көзделген жұмыстардың жалған актілері, қол қою арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті беру, Аманғалиев, Ниязов, Атамқұлов және Жаманқараевтардың өзара сөз байласып, нысанды монтаждау және мердігер компания жүргізген жұмыстардың орындалуын растауы үшін «Дала» ЖШС есептік шотына ақша аудару секілді «кінәлары» тізбектеліп көрсетілген. Алайда қылмыстық істі тергеп-тексеру, сондай-ақ сот процесі кезінде мүлде ескерілмей қалған маңызды мәліметтер де жетерлік. Айзаданың шырылдап тиісті органдарға жеткізе алмай жүргені де осы айғақтар. «Амалым таусылған соң сіздерге хабарласып отырмын. Мүмкін бұл істің ақ-қарасын еліміздің бас басылымы ажыратып жарияласа, құзырлы органдар заңнан аттап өтпес, күйеуімнің кінәсіз екеніне көздері жетер», дейді шарасыз күйін жасырмаған келіншек.
Ең алдымен, жоғарыда аталған жобаның құны 2016 жылға есептелгенін айта кетейік. Ал құрылыс 2017 жылы жүргізілген. Жөндеу жұмыстарының бекітілген сметалық құны – 2 794 миллион теңге. Дегенмен, объектіні реконструкциялауға 2 624 миллион теңге қаржы жұмсалған, яғни 169 млн теңге республикалық бюджетке қайтарылған. Шарт бойынша ТЭП-те 7200 метр құбырды ауыстыру керек болған. Ал іс жүзінде 7 410 метр, яғни 210 метрге артық ауыстыру жүргізілген. Мұның барлығы тиісті құжаттармен расталып, бекітілгенімен сот бұл мәліметтерді назарға алмаған.
Тағы бір айта кететін жайт – жобалау-сметалық құжаттамада құрылыстың ұзақтығы 9 ай деп көрсетілгенімен, іс жүзінде нысан 6 ай ішінде аяқталып, жылу беру кезеңінің технологиялық бөлігі 2017 жылдың 15 қазанында яғни бекітілген мерзімнен 4,5 ай бұрын берілген.
«Тапсырыс беруші – «Алматы жылу желілері», мердігер – «Дала», техникалық қадағалаушы – «СейсмоСтройЗащита» және авторлық қадағалаушы «Нұр-Құрылыс 80» ЖШС-лардың инженерлік-техникалық қызметкерлерінің кәсібилігі, сондай-ақ мамандардың Алматы қаласының тұрғындары алдындағы жауапкершілігінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілгенін атап өткім келеді», дейді осы уақыт аралығында күйеуінің жұмыс ерекшелігін бес саусағындай «меңгеріп» алған Айзада.
«Күйеуім Ерболат Аманғалиев тек осы нысан бойынша 169 млн теңге үнемдеп қана қоймай, бұл қаржының барлығын республикалық бюджетке қайтарды. Ал 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 4 нысанды тапсырып, жалпы сомасы 675 млн теңге болатын үнем жасаған. Білікті маман ретінде ол жобаның шығындылығына қарамастан, құрылыстың бұзылуына жол берген жоқ, себебі сметалық құжаттамада 600 млн теңгеден астам соманы құрайтын жұмыс пен жабдықтардың көлемі ескерілмеген еді. Ең бастысы – 2017-2018 жылдары жылыту маусымының бұзылуына жол берілген жоқ, келісімшарт бойынша 2017 жылғы 15 қазанда Алматы қаласының тұрғындарына жылу берілді. Тағы бір айта кетерлігі «Алматы жылу желілері» ЖШС объектінің 2 624 млн теңге баланстық құны бойынша қабылданғанын және сотталғандарға ешқандай материалдық та, мүліктік те кінәрат қоймайтындықтарын ресми түрде растағанына қарамастан, сот осындай ауыр жаза тағайындап отыр», дейді Айзада.
Бұл істе қалтарыста қалдырып кетуге болмайтын, бірақ құзырлы заң органдары көз жұмған тағы бір маңызды жайт бар. Мәселе – осы қылмыстық іс бойынша құқық қорғау органдары жалдаған екі жеке аудиторлық компанияға қатысты. Олардың екеуі де жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының жымқырылғаны туралы жалған қорытынды жасаған. Ең қызығы, мемлекеттік сарапшылар жасаған үш қорытынды бұл екі жеке аудитордың шешімдерін растамаған. Мәселен, Қаржы министрлігі Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті жеке аудиторлар берген есептің аудиторлық қызмет туралы заңнаманы өрескел бұза отырып рәсімделгенін анықтаған. Себебі, осы іс бойынша аудиторлық тексеру жүргізген М.Ракишевте аудиторлық біліктілік жоқ. Сәйкесінше ол аудиторлар реестрінде тіркелмеген. Ал заң бойынша аудиторлық қорытындыны реестр тізімде бар арнайы маман аудитор ғана бере алады. Тіпті, осы іс бойынша құрылыс сараптамасын жасап, жалған мәлімет берген «Глуховский» деген жеке кәсіпкерде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға рұқсат беретін тиісті құжат та болмай шыққан. Жеке кәсіпкердің аккредиттеуден өтпегенін, арнайы аттестат алмағанын Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының ресми хаты да дәлелдеп берген. «Құқық қорғау органдары реестрде тіркелмеген, арнайы рұқсат алмаған, салалық білімі не тәжірибесі жоқ, тіпті заңды тұлға болып табылмайтын жеке кәсіпкердің жалған қорытындысына сүйеніп осындай айыптау актісін шығарып отыр. Осының өзі заңның өрескел бұзылғанын, сот үкімінің жалған мәліметтер негізінде шығарылғанын көрсетпей ме?!», дейді Айзада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында ірі бизнес өкілдерімен кездесуде әкімшілік кедергілер мәселесін қозғай келе қылмыстық істерге жеке сарапшылар мен мамандарды тарту рәсімдерін қатаң реттеу туралы тапсырма берген еді. Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім көп жағдайда осы сарапшылар мен мамандардың қорытындысы негізінде жүзеге асырылатынын алға тартқан Мемлекет басшысы: «Мұндай тұлғалардың қылмыстық қудалау органдарымен не қылмыстық процесс тараптарымен үлестес болуына жол бермеу қажет. Көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда оларды жауапкершілікке тарту туралы мәселені дереу қарау керек», деген еді. «Алматы жылу желілері» ЖШС ісіне қатысты құжаттармен танысқанда Президент айтқан осы мәселенің расымен де өзектілігін анық байқадық.
«Шыны керек, бірінші сатыдағы сот тергеу үкімінің қателігін түсініп, күйеуімді кінәсіз деп шешім шығарады деп үміттенген едім. Бірақ бұл үмітім орындалмады. Апелляциялық сотта қорғаушы тарап жаңа дәлелдер жинап ұсынғанмен үкім өзгеріссіз қалды. Сонда да қол қусырып отыра алмаймын. Үміт оты жылт еткен әрбір есікті қағумен келемін. Алайда кассациялық сотқа жүгінуге кәдімгідей жүрексініп қалдық. Өйткені сот органдары қорғаудың қандай нақты дәлелдері болса да, ешбірін ескермей, тіпті елемей отыр.
Бірінші және екінші сатыдағы сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы ретінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасының негізгі қағидаты – зерттелетін мән-жайдың толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуді өрескел бұзды деп санаймын. Себебі күйеуіме тағылған айып тергеушінің негізсіз дәлелдеріне ғана сүйеніп отыр. Қадағалаушы орган – прокуратура да еш әрекет етпеді, заңдылықты бақылау деген өзінің тікелей функционалдық міндеттерін мүлдем ұмытып кетті. Оның орнына қандай да бір түсініксіз себептермен жалған айыптауды негізсіз қолдағаны жанға батады», деген оқырман адвокаттарының ұсынған айғақ-дәлелдерін жіпке тізгендей баяндап шықты.
Бір емес бес бірдей азаматтың тағдырын «тәлкекке салған» нысан – қайта жаңартылған учаске бүгінде штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Ең маңыздысы жөндеу жұмыстарынан кейін бұл нысанда бірде-бір рет апат болмаған. Керісінше жөндеу жұмыстарына дейін дәлірек айтқанда 2014-2016 жылдары дәл осы учаскеде 78 апат тіркелген. «Осыдан-ақ нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалғанын анық көруге болады», дейді сөзін тиісті құжаттармен шегелеп өткен Айзада.
Оның сөзінше, судья К.Бухбанованың қаулысымен нысандағы құбырлардың расымен ауыстырылғаны және олардың бүтіндігі мен стандартқа сәйкестігі арнайы ғылыми-техникалық тәсілмен тексерілген. Тексеру нәтижесі көрсетілген учаскеде яғни жылу трассасындағы құбырлардың расымен толық ауыстырылғанын, олардың арнайы мыс сымдары бар жаңа неміс технологиясының құбырлары екенін 100 пайыз дәлелдеп береді. Алайда сот процесі кезінде судьяның өзі бұл айғақтарды елеусіз қалдырған.
«Кез келген істің соңғы нәтижесі маңызды емес пе?! Бес жылдан бері бірде-бір апатсыз жұмыс істеп келе жатқан жылу трассасы – жұмыстың сапалы жүргізілгенінің көрсеткіші. Күйеуім өз міндетін толық әрі адал орындады. Алайда тергеуші, прокурор және судьялар бірі иығындағы погоны, енді бірі кеудесіндегі жарқыраған жұлдызы, үшіншісі құрғақ статистикаға бола осындай әділетсіз шешім шығарып отыр. Олар кәсіби инженерлерді қандықол қылмыскермен, зорлаушы айуандармен тең көріп, 8 жылға түрмеге жабады. Сонда қоғамға кім қауіпті? Білікті мамандар ма? Әлде, әлсізге күш көрсеткен қаскөйлер ме? Міндетін мінсіз атқарған, халық игілігі үшін жұмыс істеген инженер несімен қауіпті?!», дейді ол. Шарасыздықтан шарқ ұрып, заң органдарының табалдырығын тоздырып жүрген Айзада Аманғалиева «Енді әділдік іздеп қайда, кімге барсам болады?», деп сұрады бізден...
ТҮЙІН. Биыл Ерболат пен Айзаданың тұңғыштары мектеп бітіреді. Алайда бір жарым жылдан бері әділдік іздеп жүрген келіншек төрт баласының тәрбиесімен айналысып, білімін қадағалаудың орнына заң органдарының есігін қағумен жүр.
Президент биылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанның басты принциптерінің бірі – әділеттілік екенін атап өтті. Ал «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Мемлекет басшысы «Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек» екенін ескерткен болатын. Қазір Жаңа Қазақстан – бұл Әділетті Қазақстан дегенді жиі айтып жүрміз. Ал оның әділетті болуы адамға көрсетілетін құрметімен, қарапайым құқығының сақталуымен өлшенеді емес пе?