• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Мамыр, 2022

Балалар саулығы – басты назарда

380 рет
көрсетілді

Биылғы Балалар жылына орай облыста жыл басынан бері түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Осы ай аясында ғана «Қызылорда облысы үкіметтік емес ұйымдарының Азаматтық альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы Оқушылар сарайында облыс орталығындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары арасында «Сүйікті қалам – Қызылорда» атты фотосурет байқауы өтті.

Байқау ережесіне сәйкес қаты­сушы­лар ­«Тарихи Қызылорда», «Қаланың бірегей­лігі», «Қала – тұлғалар келбе­тін­де», «Зама­науи Қызылорда», «Қы­зылорда қала­сы­ның табиғаты», «Балаға мейірімді қала» атты аталымдар ұсы­ныл­ған бай­қау­ға жер­гілікті іскер азаматтар демеуші бо­лыпты.

Атаулы жыл шеңберіндегі іс-шара­лар­ды ұйымдастыруда рухани дамумен қатар саламатты өмір салтын насихат­тау, бала саулығын нығайтуға баса мән беріліп отырғанын айта кеткеніміз орынды болар. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ұйымдастырған тағы бір игілікті іс – мектеп оқушылары ара­сын­дағы марафон болды. Желаяқтар жарысына облыстық мәдениет және спорт, ішкі саясат, денсаулық сақтау бас­қар­малары, қалалық білім бөлімі қол­дау танытты. Осыған дейін облыста балалар арасында мұндай марафон өтпеген екен. 200-ге жуық бала қатысқан жарыс атаулы жылдағы жақсы бір бастама болғаны анық.

Сөз басында биыл балалар саулығын нығайтуға баса назар аударылғанын айтып өттік. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық жастар денсаулығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандары біраз жұмыс атқарды. Осыдан 7 жыл бұрын құ­рылып, көп ұзамай облыстық сала­матты өмір салтын қалыптастыру орта­л­ығының аудандық құрылымдық бөлім­шелерін құрамына қосып алған мекеме Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы бұйрығымен ден­сау­лық сақтау ұйымдарының номенклату­ра­сына амбулаторлық-емханалық кө­мек көрсететін ұйым ретінде енгізіліп, мақ­сатты топ 10-29 жас аралығы болып бекітілді.

– Орталық жұмысының басты мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге құпиялы­лық­ты сақтай отырып, қолжетімді көмек көрсету болып отыр. Мамандарымыздың сырт көзге көріне қоймайтын осындай жұмыстары нәтижесінде өңірде жастар арасындағы суицид пен ерте жүктілік көрсеткіштері біршама төмендеп келеді, – дейді орталық директоры Гүлжихан Нысанова.

Кейінгі жылдары жасөспірімдер мен жас­тардың жыныстық қатынасқа ерте түсуі, одан туындайтын зардаптар дәрі­гер­лерді қатты алаңдатып отырған мә­се­леге айналғаны жасырын емес. Бұл жы­ныс­тық жолмен жұғатын түрлі инфекция­лар ауруларға соқтырып, оның соңы бедеулікке әкелетінін мамандар ескертіп-ақ келеді. Осы бағытта об­лыс­тық жастар денсаулығы орталығы жастар мен жасөспірімдер арасында симму­ляциялық құралдар арқылы тренинг­тер де ұйымдастырған. Саламатты өмір сал­тын насихаттау аясындағы осындай іс-шаралар нәтижесінде жастар арасында жыныстық жолмен жұғатын аурулар біршама төмендеп келе жатқаны байқалады.

Жастар денсаулығы орталығының бас­ты қызметінің бір бағыты тәулік бо­йы­­на пси­хологиялық көмек көрсететін «Жедел желі» байланыс телефоны жұмыс істеп тұр. Бұл телефон желісіне түскен қоңыраулар саны жыл сайын артып келеді. Осы жылдың І тоқсанында 971 қоңырау түсіп, дәрігерлер мен мамандар қажетіне қарай кеңес берді. Осы қоңыраулардың 85-інде 10-17 жас аралығындағылар хабар­ласқан. Он жасар баладан бастап егде кісілерге дейін телефондатып жататын жедел желідегі мәселелерге талдау жасаған мамандар қоңырау шалуға отбасындағы түсінбеушілік, ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік себеп болатынын анықтапты. Былтырдан бастап індетке қарсы салынған вакцина жайын сұрап қоңырау шалатындар да көбейіп отыр.

Жыныстық жетілудегі өзгерістерді жа­қ­ынынан сұрай алмайтын жасөспі­рім­дер үшін орталықтағы құпиялықты сақтай отырып кеңес беретін гинекологтер мен урологтердің көмегі көп болып тұр. Жалпы осы саладағы мамандардың өзі «Облыстық жастар денсаулығы орта­лығы» коммуналдық мемлекеттік меке­ме­сін­дегі психологтердің кәсібилігін мо­йын­дайды. Кейде балалар мен жастардан бөлек олардың кеңесіне үлкен адамдар да жүгініп жатады.

Орталық қызметкерлері мектептердегі жоға­ры сынып оқушылары мен оқу орындары студенттері арасында «Дұрыс та­мақ­­тану мен дене белсенділігінін ма­ңыз­дылығы», «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Жұқпалы аурулардың алдын алу» та­қырыптарында семинар-тренинг өткізді.

Текей Қарпықұлы атындағы жоғарғы колледжінің студенттеріне зиянды әдет­тер­дің, оның ішінде темекінің, алко­гольді ішімдіктің және қорқор мен электронды темекінің жас ағзаға зияны жөнінде сала мамандарын қатыстыра отырып кездесу ұйымдастырылды. Кез­десу барысында орталықтың симмуля­ция­лық құралдары арқылы тренинг өткі­зілді. Арнайы кө­зіл­ді­рік киген жастар жолақ арқылы жүріп, алкогольді ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырған адамның ағзасында болатын өзгерістерді сезіне алды. Тренинг барысында толық және қызықты мағлұмат алған студенттер ризалығын білдіріп, та­қы­рыпқа қатысты толымды пікір айтты. Орталықтағы 11 психолог пен 3 валео­лог­тың әрқайсысы айына 7-8 семинар-тренингтер ұйымдастырады.

Орталықтың аудандардағы бөлім­ше­лері де атаулы жыл аясындағы іс-ша­ра­­ларға үлкен үлес қосып отыр. Қар­мақ­шы ауданындағы Жастар денсау­лығы орта­лы­ғы мамандары ішкі саясат, полиция бөлімдері, Жастар ресурс­тық орталығымен бірлесе отырып «Жас­­­өспірімдер мен жас­тар арасында зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, психи­ка­лық денсаулық, саламатты өмір салтын ұстану» тақырыптарында кент орта­­лығындағы №121 мектепте 8-9 сы­нып оқушылары қатысқан семинар ұйым­дастырды.

Облыс орталығындағы №222 орта мектеп оқушыларының ата-аналары арасында «Суицидтің алдын алу, жы­ныс­тық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұ­мыстары жүргізілді. Өткен ғасырда адам­затқа қатер төндірген кесел санал­ған ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орта­лық­тың Шиелі ауданындағы филиалы мамандары мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап сағатын өткізді. Осы күні орталық «Он жастан он сегіз жас­қа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психи­калық денсаулықты сақтау бойын­ша медициналық көмекті ұйымдас­ты­ру қағидаларын бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасы Денсаулық сақтау ми­нистрі­нің 2020 жылғы 20 желтоқ­сан­да­ғы №ҚР ДСМ-285/2020 бұйрығына сәй­кес қоғамдық денсаулық сақтау сала­сында қойылған міндеттерді шешуде, жастардың саулығын сақтауда нәтижелі қызмет етіп келеді.

 

Қызылорда облысы