«Референдум халықтың саяси белсенділігін арттыруға, азаматтардың қоғамның өзекті мәселелерін бірлесіп шешу мүмкіндігін қамтамасыз ету мен Жаңа Қазақстанды құруға тікелей қатысуға бағытталған».
Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Мәди Ахметовтің Алматы қаласындағы еліміздегі жетекші жоғары оқу орындардың бірі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының ұжымы және студенттерімен кездесуі кезінде осындай ойлар айтылды. Кездесу кезінде депутаттар Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар, Конституцияға енгізілген түзетулер туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Конституция – кез келген мемлекеттің іргетасы. Қазіргі қоғамда өзгерістер үлкен сұранысқа ие. Референдум өтетін күнге аз ғана уақыт қалды. Әрбір азамат ел дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруға қатысып, үлесін қосуға мүмкіндік туды», деді Елнұр Бейсенбаев. Е.Бейсенбаев студенттердің сұрақтарына жауап бере келе, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жүрген саяси реформалар көптеген жыл бойы қалыптасқан қоғамның сұранысынан туындаған ауқымды реформалар болып табылатынын атап өтті.
Өз кезегінде Amanat партиясының мүшелері әрбір қазақстандықтың алдында маңызды шешім қабылдау міндеті тұрғанын атап өтті. «Қазір еліміздің барлық өңірі мен елді мекенінде мемлекетіміздің басты құжатына түзетулер енгізуге қатысты ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Біз алматылық жастармен кездесуде олардың референдумға деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Себебі іс-шараларда көптеген өзекті тақырып көтеріліп, студенттер сұрақтар қойып, өз пікірлерін ашық білдірді. Ел Президенті ұсынған негізгі реформалар олардың қоғамдық-саяси болашағына деген сенімін нығайтуда», деді депутат Мәди Ахметов.
Кездесу соңында қатысушылардың көпшілігі конституциялық түзетулер жобасы бойынша ел тұрғындарының жалпыға бірдей дауыс беруі бірлігімізді арттырады деген ортақ пікірге келді.
АЛМАТЫ