Ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасының нәтижесі шықты. 150 мыңнан аса оқушы олимпиадада бақ сынауға өтінім берген. Жеңімпаздар республикалық маңызы бар мамандандырылған мектептерге конкурссыз қабылдана алады.
Елбасы академиясы олимпиаданың қорытындысына қатысты баспасөз жиынын өткізді. Брифингте сөз алған Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Марат Сүлейменов:
– Біздің ведомство Елбасы академиясымен бірлесе отырып, 3 жыл қатарынан ауыл балаларының арасында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізіп отыр. Биылғы білім бәйгесі сәтті, нәтижелі ұйымдастырылды. Сайыс негізінен ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздейді. Биылғы жарыстың ерекшелігі – өте көп оқушы қатысқанында. «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең логикалық ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алды. Соның ішінен іріктелген 1 мың дарынды бала үздік деп танылды. Оның 500-і – 5-сыныптың, 500-і – 6-сыныптың оқушылары. 6-сыныпты бітірген жеңімпаздар мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурссыз түсуге жолдама алды, – деді.
Министрлік өкілінің айтуынша, жылдан-жылға өңірлердің белсенділігі артып келеді. Биылғы нәтижелер бойынша Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарынан қатысу деңгейі өте жоғары.
«Елбасы академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Алина Хаматдинова интернеттің сапасына қатысты шағымдар, өтініштер көп түскенін жеткізді.
– Тестілеу қатысушының оқыту тілінде, яғни қазақ және орыс тілдерінде болды. Олимпиаданың бірінші кезеңі өңірлердегі кестеге сәйкес онлайн режімде өтті. Өңірлердің 40 пайызы интернетпен қамтылмағанын білеміз, интернет болған күннің өзінде сапасы нашар. Сондықтан бір күнде 10 бала ғана тапсыра алатындай арнайы кесте жасадық. Өйткені былтыр барлық өңірден бір уақытта жүйеге кіргенде, қатысушылар жылдамдығы баяу интернеттің кесірінен онлайн тапсырмадан өте алмай қиналды. Тәулік бойы жұмыс істейтін сall-орталығымызға Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы интернеттің сапасына қатысты шағымдар жиі түсті. Бұл ақпаратты тиісті министрлікке береміз, – деді А.Хаматдинова.
Қор директорының мәлімдеуінше, Жамбыл облысының оқушысы ұпай саны бойынша ең жақсы нәтиже көрсетті. Екінші орында Қарағанды облысының баласы және үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысының қатысушысы тұр. Жеңімпаздардың бірі – Елнар Қожахмет Ақмола облысындағы №2 Қосшы орта мектебінің 6-сыныбында оқиды. Ол аталған байқауға 5-сыныпта да қатысыпты.
– Әр жылы жас ерекшелігімізге, деңгейімізге қарай тапсырма берілді. Пәндердің ішінде математика қиындау, онда логикалық есептер біраз ойлануды қажет етеді. Дегенмен жауап табуға болады. Болашақта сәнгер болғым келеді. Оған да математика керек, себебі киімді пішкенде өлшеуге, табысты санауға, қажетті уақытты есептеуге математикалық дағды ғана көмектесе алады. «Мың бала» олимпиадасында ағылшын тілінен де тест тапсырамыз. Меніңше, ағылшын тілі – барлық маманға керекті пән. Мысалы, маған шетелдегі сәнгерлердің жұмысын көріп, танысуға, саяхаттауға қажет болады. 130 мыңнан аса адамның ішінен жеңіп шығу үшін қатысушыға арман, мақсат, табандылық керек. Мен, мысалы, осы олимпиадаға мықты мектептердің біріне түсу үшін қатыстым, – дейді Е.Қожахмет.