• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Үкімет 25 Мамыр, 2022

Солтүстік пен шығысты қалай газдандырамыз?

959 рет
көрсетілді

Бүгінде ел халқының 11 млн-ы газға қол жеткізді. Демек республиканы газдандыру деңгейі 57,67 пайызға тең. Ендігі мақсат – газдың игілігін көрмей отырған өңірлерді де қамту. Қазір осы бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Екі нұсқа қарастырылып отыр

Энергетика министрі Болат Ақшо­лақов­тың айтуынша, бұл жұмыстар рес­публиканы газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінде газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажет. Сондықтан министрлік QazaqGaz-бен бірлесіп газдандырудың бас схемасын өзектендіруде. Бұл ретте солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақ­стан облысын газдандырудың екі нұс­қа­сы қарастырылуда. Біріншісі – Ресей Фе­дерациясы арқылы газдандыру. Аталған нұсқа қазақстандық-ресейлік жұмыс тобының шеңберінде қарастырылуда.

– Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, газдандырудың нұсқаларын қарау үшін тұтынудың шамадағы көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдады. Сондай-ақ газ құбырларының оңтайлы мар­шруттары анықталды. Бірінші бағыт – «Барнаул – Рубцов – Семей – Өскемен – Павлодар». Ұзындығы – шамамен 1 мың шақырым. Екінші бағыт – «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан». Оның ұзындығы – шамамен 644 шақырым. Бүгінгі таңда ресейлік тарап есептеу жүргізуде. Ол осы жылдың екінші тоқсанында дайын болмақ. Сондай-ақ біз Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерді Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқа­сын зерттеудеміз. Ол үшін компримирлеу мен қайта газдандырудың тиісті инфра­құрылымын салу және құрылысқа тиісті инвестициялар салу талап етіледі, – деді Б.Ақшолақов.

Сондай-ақ газды «Сарыарқа» магис­т­рал­дық газ құбырынан беру газдан­дырудың баламалы нұсқасы санала­ды. Қазіргі таңда «АстанаГаз ҚМГ» АҚ Ақмола және Солтүстік Қазақ­стан облыстарын газдандыруды көздей­тін «Сарыарқа» магистралдық газ құбы­рының екінші және үшінші кезеңдерін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзетті. Мемсараптама алдағы айда дайын болмақ. «АстанаГаз ҚМГ» дерегінше, ұзындығы 483 шақырым болатын «Сарыарқаның» екінші және үшінші кезеңдерін салу құны шамамен 165 млрд теңгені құрайды.

– «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының I кезеңінің құрылысы 2019 жылы аяқталды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облы­сы­ның әкімдіктері газ тарату желі­лері­нің құрылысы бойынша жұмыстар жүр­гізуде. Елорда бойынша 14 мыңнан астам абонент немесе 191 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. Осы жылы рес­публ­икалық бюджеттен халық саны шамамен 92 мың адам болатын Тельман, Пригородный, Фэмили Вилладж, Гарден Вилладж, Ильинка, Қараөткел, Шұбар, Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына жеткізу желілерін салуды көздейтін жобаларға 23 млрд теңге бөлінді, – деді министр.

Қарағанды облысында шамамен 2,7 мың абонент немесе 8,1 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Облыс әкімдігі Шет, Бұқар Жырау аудандары мен Жәйрем кентін газдандыру жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.

– Биыл елді газдандыруды дамытуға министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде, 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылды. Бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы газдандыру деңгейін 58,43 пайызға жеткізу жоспарланған, – деді ол.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының және Батыс Қазақстан облысының әкімдері де баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Әлемдік энергетикалық нарыққа жүргізілген талдау энергия көздерінің басқа түрлерін өндіру мен тұтынуына қарағанда газ өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақ­стандағы жағдай да дәл осындай. Мәсе­лен, 2017 жылы еліміз шамамен 14 млрд текше метр газ тұтынса, 2021 жылы оның көлемі 19 млрд текше метрге жақын­дады. Былтырдың өзінде 3 600-ден астам өнеркәсіптік нысан газға көшірілді. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35 пайызға өсті.

– Биыл тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге дейін өседі деп болжануда. Газдандырылған елді мекендердің жалпы саны 1 700-ден асады. Осылайша 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді.Бұл тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ма­ңызды орын алатынын көрсетеді. Осы­ған орай, бірнеше мәселеге назар аудар­ғым келеді. Біріншіден, өсіп келе жатқан халық саны мен өнеркәсіп саласы­ның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ көлемі жеткілікті болуы керек. Сон­дық­тан ресурстық базаны кеңейту, оның ішінде ауқымды геологиялық бар­лау жұмыстары негізгі міндетке айналуы тиіс. Шикізат қоры, әсіресе газдың жеткілікті көлемі нарыққа келетін әлеуетті инвесторлар үшін аса маңызды. 15 мау­сымға дейін жетілдірілген модельдік келісімшартты әзірлеу аясында газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық преференциялардың түпкілікті пакетін әзірлеуді тапсырамын, – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы назар аударған екінші мәселе елді одан әрі газдандыру газ тасымалдау жүйесінің деңгейі мен жағдайына тікелей байланысты.

– Бүгінгі таңда газ құбырлары максималды қуатында жұмыс істеп тұр. Олардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жаңа нысандарды салу, ескілерін жаңғырту және жөндеу бойынша нақты жоспар болуы керек. Осыған орай 1 шілдеге дейін Үкіметке Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас схемасының жаңартылған жобасын енгізуді тапсырамын. Үшінші мәселе де маңызды. Мемлекет басшысы елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқасын айқындау туралы тапсырма берді. Қазір екі нұсқа пысықталып жатыр. Бірі – Ресей арқылы газ тарту, екіншісі «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры арқылы тарту. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан кешіктіруге болмайды. 1 қыркүйекке дейін аталған нұсқаларға кешенді бағалау жүргізіп, келісілген шешімді енгізуді тапсырамын, – деді Ә.Смайылов.

Суды тиімді пайдалану керек

Үкімет отырысында осы жылдың вегетациялық кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де қаралды. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешевтің мәліметінше, барлық су тоғанынан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су жұмсалады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97 пайызы пайызы оңтүстіктегі 4 облысқа тиесілі. Олар – 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар немесе ел бойынша барлық суармалы алаңның 80 пайызын (1,6 млн гектар) құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.

– Соңғы жылдары елдің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы өткір сезілуде. Аталған өңірлерде вегетациялық кезең­нің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін өткен жылдың қарашасынан дайын­дық жұмыстары басталды. Министр­лік 2021-2022 жылдардағы вегета­циялық және вегетацияаралық кезеңдер­дегі жұмыс жоспарын бекітті. Оның шең­берінде бірқатар сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылады. Біріншіден, жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша шек­тес елдермен жұмыс істеу. Екін­шіден, трансшекаралық өзендер бассейн­дерін­дегі мемлекетаралық пайдалану канал­дарын жөндеу. Үшіншіден, суландыру желісінің магистралды және шаруашылықаралық каналдарын тазалау және қосымша жабдықтарды сатып алу. Төртіншіден, ылғалды көп қажет ететін дақылдар (күріш, мақта, пияз) алқаптарын қысқарту. Бесіншіден, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, – деді С.Брекешев.

Министрдің айтуынша, шектес елдермен ынтымақтастық шеңберінде қырғыз тарапымен тауар алмасу және коммерциялық негізде электр энергиясын жеткізу бойынша «Достық» каналы арқылы жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беру мәселесін шешуге қол жеткізілген.

– 25-28 мамырда Бішкек қаласында тауар алмасу шеңберінде электр энергия­сын қайтару кестесі маусым-тамыз айларына ай сайын, ал маусым айына әр күнге келісілетін болады. Бұдан басқа, тараптар Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі мемлекетаралық пайда­ланудағы су шаруашылығы құрылыс­тарына зерттеу жүргізбек. Сондай-ақ тәжік тарапымен Тоқтоғұлдан тасталған су көлемін «Бахри Точик» су қоймасы арқы­лы өткізу туралы алдын ала келісім бар. Мамыр айының соңына дейін «БахриТочик» су қоймаларын іске қосу шарт­тары келісіліп, 5-6 маусымда Душан­бе қаласында үш жақты хаттамамен осы шарттар бекітілетін болады, – деді министр.

С.Брекешев сәуір айының соңында Нарын-Сырдария су қоймалары каска­ды­ның болжамды жұмыс режімі келісіл­генін жеткізді. Оған сәйкес Шардара су қой­ма­сына вегетациялық кезеңдегі ағын 3,9 млрд текше метрді құрауға тиіс. Ол веге­тациялық кезеңнен шығынсыз өтуге мүмкіндік береді.

– Шу және Талас өзендерінің бассейн­дерін сумен қамтамасыз ету тұрақты. Шу-Талас су шаруашылығы комиссия­сының 30-шы отырысы барысында мем­лекетаралық каналдар бойынша Талас өзенінің бассейні арқылы 500 млн текше метр, Шу өзенінің бассейні арқы­лы 220 млн текше метр су беру кесте­леріне қол қойылды. Сондай-ақ гидро­логия­лық болжамдардың негізінде Сыр­дария трансшекаралық өзенінің бассейнінде күрделі су шаруашылығы жағдайы күтілген. Бірақ қабылданған іс-шалалар және қолайлы климаттық жағдай арқылы су шаруашылығы ахуалы тұрақтанғанын атап өту қажет. Осылайша, Шардара су қоймасына келетін су көлемі 2,5 есе ұлғайды. Бұл Шардара су қоймасын 5 млрд текше метрге дейін толтыруға және осы кезеңде Көксарай контрреттегішін 822 млн текше метрге дейін жинауға мүмкіндік берді. Аталған кезеңде Шардара су қоймасына шамамен 1,5 млрд текше метр су келіп түсті. Осылайша, вегетация басталар алдында Сырдария өзен арнасын толтыру, суармалы жерлерді ылғалдандыру, көл жүйелері мен ша­бын­дық жерлерді суландыру жүзеге асы­рылды. Тоқтоғұл су қоймасының толымдылығы мамырда 10 млрд текше метрден асты. Бұл наурыз айындағы көрсеткіштен 25 пайызға жоғары. Сондай-ақ Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінде толымдылықтың ай­тар­лықтай өсуі байқалады, – деді ол.

С.Брекешевтен бөлек, аталған мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

Вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі алдағы маусымдағы егістің өнімді болуына ғана емес, түптеп келгенде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Қазақстандағы 8 су шаруашы­лығы бассейнінің жетеуі бастауын транс­шекаралық өзендерден алады. Яғни өзен суларының тең жартысына жуығы бізге сырттан келеді. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы жылына 12 текше километр­ге дейін жетуі мүмкін.

– Біз Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін дегенді білдіреді. Сондық­тан суды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе болып отыр. Ауыл шаруашы­лығы­на арналған судың небәрі 60 пайы­зы ғана егіс алқаптарына дейін жете­ді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашар­лығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарына және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды. Сонымен қатар суармалы суды тиімді бөлу керек. Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс. Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды.

Ә.Смайылов аталған мәселе бойынша бірқатар тапсырма берді. Біріншіден, су дипломатиясы бойынша нақты позицияны әзірлеу керек. Сондай-ақ оны үкіметаралық комиссия аясында елдің мүддесін ескере отырып ілгерілету маңызды.

– Екіншіден, суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субси­дияларды саралау мәселесін пысық­тау керек. Үшіншіден, суармалы жерлер­дің 1 гектарына емес, суаруға кеткен су­дың көлемі үшін ақы енгізу мәселесін пы­сықтау маңызды. Бұл суды тиімді пай­далануға ықпал етеді, – деді Ә.Смайылов.