Өкінішке қарай, елімізде метаболиттік аурулар көбейіп келеді. Нейрометаболиттік және митохондриялық аурулары бар балаларға диагностика жасау – күрделі іс. Осы мәселелер төңірегінде және балалар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында профессор Руди ван Костердің қатысуымен шеберлік сабағы өтті.
Профессор Руди Ван Костер – нейрометаболиттік және митохондриялық аурулардың әйгілі сарапшысы. Мамандардың пікіріне қарағанда, нейрометаболиттік және митохондриялық аурулары бар балаларға диагностика жасау мәселесі өзекті болып отыр. Профессор Руди Ван Костер нейрометаболиттік және митохондриялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша білімі мен тәжірибесін және осы патологиясы бар балаларды емдеудің ықтимал тәсілдерін Қазақстан дәрігерлерімен бөлісіп, маңызды ойларын ортаға салды. Сонымен бірге ауыр науқасқа шалдыққандардың клиникалық жағдайларына үңілді. Алдағы уақытта мұндай шеберлік сабақтары жыл сайын өткізіліп отырмақ.