• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2022

Жол-көлік апаты: Жыл сайын 200 бала өмірімен қоштасады

458 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында балалардың жолдағы қауіпсіздігі мәселесі әңгіменің өзегіне айналды. Еліміздегі әрбір бесінші бала жол-көлік оқиғасынан зардап шегетінін ескерсек, бұл мәселенің шынында да өзекті екенін түсінеміз.

«Сандарды сөйлететін бол­сақ, жол-көлік оқиғала­ры салдарынан балалардың айтар­лықтай зардап шегетінін көруге болады. Мәселен, жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім жол үстінде бақилық болып, 3 мыңнан астамы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып жатады. Белгілі себептермен өткен жылдан бас­тап мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік туралы сабақтар өткізілген жоқ. Бұл бағыттағы басқа іс-шаралар саны да азайып кетті. Сол себепті де статистика оңалмай тұр», деді Ж.Мұратәлиев.

Осы жылдағы есепті мер­­зім­нің өзінде жол-кө­лік оқи­ғалары салдары­нан жарақат ал­ған жасөспірім­дердің саны аз емес. Көп жағдайда балалар­дың өздері ереже сақтамайтын кездер жиі ұшырасады.

«Осы жылдың төрт айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 жасөспірім жол апатынан қайтыс болып, 70 жеткіншек түрлі дәрежеде жарақат алды. Есепті ке­зеңде республика жолда­рын­да жасөспірімдердің қа­тысуымен жалпы саны 796 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік апатынан 42 жасөспірім өмірімен қош айтысса, 957-сі жарақат алған. Зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолау­шылар болса, қалғаны – жаяу жүргіншілер», дейді министрлік өкілі.

ІІМ өкілінің мәлімдеуін­ше, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары кезінде ересектер де жиі қате­ліктер жасайды. Әсіресе, олар автокөлікпен тасымалдау ережелерін жиі бұза­ды екен. Балаларға арналған арнайы құрал-жабдықтарды (авто кресло, бустерлер, адаптерлер) қолданбайды ­немесе жасөспірімге қауіп­сіздік белдігін тақпайды.

«Жыл басынан бері елі­мізде 97 кәмелетке тол­маған жаяу жүргіншіні қа­ғып кету дерегі тіркелді. Со­ның салдарынан 5 бала мерт болып, 97 жасөспірім жара­қат алды», дейді министр­лік өкілі. Сонымен қатар ол өз сөзінде полиция орган­дары­ның қызметкерлері бұл бағыттағы олқылықтарды бол­дырмау жолында түрлі іс-шаралар өткізуді қолға алға­нын, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар сәтімен жалғасатынын атап өтті. Бри­фингте Ж.Мұратәлиев жаяу жүргіншілердің кінә­сі­нен болатын жол-көлік оқиға­ларының да азаймай тұрғанын да атап өтті.

«Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-кө­лік оқиғалары да жеткілікті. Жолды жүру бөлігі белгі­лен­беген жерден кесіп өту, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп шығу, бағ­даршамға қарамай өте шығу секілді ереже бұзушылықтың салдарынан да қайғылы оқи­ғалар орын алып жатады. Үлкен­дер жағы осы мәселеге айрықша назар аударса екен», деді Жандос Мұратәлиев өз ойын түйіндеп.