Елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қалада Балалар жылын өткізуге арналған іс-шаралар жоспары қалай жүзеге асып жатқаны туралы әңгімеледі. Елордада негізгі 7 бағыт бойынша Балалар жылын өткізу жөніндегі қалалық іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілген. Бұл –«Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala qorgau», «Bala_time.kz» бағыттары.
«Сапалы, тиімді ұйымдастыру үшін Балалар жылын өткізу бойынша қалалық жедел штаб құрылды. Бүгінде іс-шаралардың ішінде, 1 мың- нан астам баланың қатысуымен өткен «Қазақконцерт» орталық концерт залында «Шаттық-2022» ХV қалалық шығармашылық ашылулар байқауының Гала-концерті болды. Балалардың құқықтарын қорғау бөлімі ашылды. Қалалық психологиялық сүйемелдеу қызметі, «KOKTAL JUNIOR HALL» спорттық-шығармашылық орталығы ашылды», деді Қ.Сенғазыев.
Оның қатарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын 2 550 орынға дейін ұлғайту бар. Елордада балаларды қорғау күніне орай «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде 1 200-ден астам баланы қамтитын қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша салынған Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының филиалын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мерекеге орай Кенесары көшесі, 41 мекенжайында Балалар көркемсурет мек- тебінің жеке ғимараты ашылады.
Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы базасында 400-ден аса баланы тегін қамти отырып, IT бағыттары бойынша SANA креативті білім беру орталығы жұмысын бастайды. Амфитеатрда «BALAPAN ӘЛЕМІ» республикалық фестивалі өтеді. (Qazaqstan және Balapan телеарналары мен қала әкімдігі бірлесіп өткізеді). Оған 1 мыңнан аса бала қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл күні Астаналық, Триатлон паркі, «Жетісу», «Жерұйық», «Қаламгерлер», Demalys Promenad саябақтары, «Есіл» өзенінің жағалауы («Арбат»), қала мектептерінің тақырыптық аймақтары бар спорт алаңдарында мерекелік концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, конкурстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар бұл күні жазғы демалыс, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысы басталады.
«Биыл елорданың мектепке дейінгі ұйымдарында 22 мыңға жуық орын босайды. Топтарды жасақтау жұмыстары 15 маусымда басталады. www.Indigo24.kz электронды жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдарда (мемлекеттік, жекеменшік бақтар мен шағын орталықтар) босаған орындар саны 21 978 орын, 2021 жылы – 20 мың орын, оның ішінде, 2021 жылы туғандарға – 162 орын, 2020 жылы туғандарға – 2 542 орын, 2019 жылы туғандарға 2 019 орын жарияланады. 8 134 орын, 2018 жылғыларға – 6 710 орын, 2017 жылғыларға – 4 430 орын», деді Қ.Сенғазыев.
Кезектен тыс өтетіндердің қатарында әскери қызметшілердің балалары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балалары, мемлекеттік фельдъегерлік қызметкерлерінің балалары бар. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес Индиго жүйесінде мектепке дейінгі ұйымға кезекке қою кезінде жеңілдіктің жаңа түрі іске қосылды. Ол – мемлекеттік фельдъегерлік қызметкерлерінің балаларына арналған. Оның ішінде қызмет өткеру кезеңінде қаза тапқандар, қайтыс болғандар немесе хабар-ошарсыз кеткендер де бар.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар «INDIGO: электрондық балабақша» электронды жүйесінде арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға, сондай-ақ балабақшалардағы түзету және инклюзивті топтарға жолдама алады. Биыл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін жүйеде ата-ана мен мектепке дейінгі ұйым арасында «Электронды шарт жасасуға» жаңа модуль енгізілді. Бұл толықтай қашықтық процедура, ата-ана өзіне ыңғайлы кез келген уақытта келісімшарт жасай алады. Шартқа қол қою сіздің ЭЦҚ кілтіңіздің көмегімен жүзеге асырылады», деді білім басқармасының басшысы.
Биыл 30 мамырдан бастап барлық мемлекеттік балабақшалар базасында сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін ата-аналарға кеңес беру пунктері ұйымдастырылады, оларға қажет болған жағдайда ақпарат алу үшін жүгінуге болады. 2022-2023 оқу жылына арналған топтарды жасақтауды өткізу кестесі және жолдама алу инфографикасы білім басқармасының интернет-ресурсында электронды жүйе сайтында орналастырылады.
Сонымен қатар елорданың білім беру мекемелерінде оқушылар үшін жазғы демалыс ұйымдастырылады. Осы мақсатта қала мектептерінің 1-10-сынып оқушыларының жалпы санының 94%-ын қамту жоспарланып отыр. Қала сыртындағы 2 лагерь (1 440 бала), 2 шатырлы лагерь (960 бала), 2 бейінді лагерь (700 бала), 3 маусым жұмыс істейтін Оқушылар сарайы жанындағы жазғы лагерь дайын. 92 мектепте 81 600 баланы қамти отырып, бастауыш сынып балаларына арналған мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылған.
«Жыл сайын балалар Білім және ғылым министрлігі квоталарына сәйкес «Балдәурен – Щучинск», «Балдәурен – Қапшағай», «Балдәурен – Балқаш» (5-9-сыныптар), «Бөбек» (1-4-сынып) республикалық сауықтыру лагерьлеріне барады. 1-10-сынып оқушыларының жалпы санынан (185 710 оқушы) 51 847 баланы (28%) қамтитын 4 бағыт бойынша жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Балалар бірнеше бағыт бойынша жұмыспен қамтылады, еңбек «Жасыл ел» көгалдандыру бригадасы, экологиялық лагерьлер (2 860 бала), шығармашылық бағытта түрлі мекемелердегі қызығушылықтар бойынша клубтар мен үйірмелер, 28 аула клубы (35 216 бала), спорттық-туристік «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» лагерьлерінің жалпы білім беретін мектептерінің залдарында және спорт алаңдарында, туристік сапарларына, экспедицияларға (археологиялық, экологиялық, өлкетану) қатысу. Бұл ретте 1 755 бала тегін қамтылады, зияткерлік бағытта «Жас Ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің көшбасшылар активінің жазғы мектептері, жазғы тілдік мектептер, дебат лагерьлері жұмыс істейді (12 016 бала)», деді Қ.Сенғазыев.
Сонымен қатар басқарма басшысы елордада соңғы қоңыраудың қалай өтетіні туралы да айтып берді.
«Биыл түлектер мектеппен және педагогтермен әдеттегі форматта қоштасады. Алайда іс-шаралардың бәрі мектеп қабырғасында салтанатты түрде өткізілуі керек. Мектептердің қамқоршылық кеңестері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, осы іс-шараларға жұмсалатын үлкен шығындардың орынсыздығы туралы түлектердің ата-аналарына түсіндіру жұмысын өткізуі қажет. Сондықтан бұл ақпаратты тағы да мектеп түлектеріне және ата-аналар қауымдастығына жеткізуді сұраймыз. Мұны орындау оқу орнының басшысына жүктеледі. Барлық мектептегі соңғы қоңырау 25 мамырда дәстүрлі форматта салтанатты түрде қонақтардың, ата-аналардың қатысуымен өтеді», деді ол.
«Алтын белгі» иегерлерін салтанатты түрде табыстау елорда саябағының амфитеатрында 17 маусым күнге жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларға мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар және басқалар қатысады. Бұл ретте бітіру жұмысын білім беру ұйымының өзі жүргізуі тиіс.
«Іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, салтанаттарды өткізу үшін жеке студияларды тарту, мерекелік үстелдер ұйымдастыру, автомобильдерді жалға алып, қала (аудан) бойынша көшпелі экскурсиялар өткізу, мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлық алу үшін қаражат жинау, ойын-сауық мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға жол берілмейді», деді Қ.Сенғазыев.