Өскелең ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғалғанда, ата-анаға артылған міндеттің маңызы мен жауапкершілігінің аса зор екені белгілі. Бұған кеншілер астанасында Балалар жылы аясында өткен отбасындағы тәрбие және балаларды әлеуметтендіру мәселелері жөніндегі ата-аналар форумында көзіміз тіпті де анық жете түсті.
Жиынға арнайы келіп қатысқан қонақтардың да қарасы мол болды. Олардың қатарында Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Д.Жекебаев, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Л.Қожахметова, Senimen Bolashaq республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі Г.Умарова, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.Бейсенбекова, Qasym Kitap жобасының жетекшісі Е.Әшім, гуманды педагогика мұғалімі, отбасылық коуч және «Жаңа ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы А.Абжанов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының ағылшын тілі мұғалімі Н.Иманғалиев, BTS Education зерттеу бөлімі бас директорының орынбасары Е.Молдақасымов және басқалар болды.
Форум барысында көптеген пайдалы іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік өзара іс-қимыл проблемаларын шешу дағдыларын дамыту бойынша интерактивті форум-театрлар, диалог алаңдары, ата-аналар мен оқушылар үшін жеке психологиялық консультациялар, кәсіптік бағдарлау жәрмеңкесі және «Өмірлік дағдылар және жаһандық құзыреттер» тақырыбында көрме өткізілді.
Диалогтық алаңдардың жұмысында спикер ретінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Динара Мүтібаева, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері – «Жаным» ҚҚ психологы Раиса Жуковская, «Қайсар» ҚҚ басшысы Оксана Тарабукина, «Позитивное развитие» ЖМ басшысы Оксана Панасиди, «Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясы» ҚБ-нің президенті Денис Суслов, сондай-ақ тағы да бірқатар мемлекеттік ұйымдардың мамандары мен облыстың жетекші психологтері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Бұл талқылаулардың ата-аналар үшін берген пайдасы өте мол болды деп сеніммен айтуға болады. Мысалы, олар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам саудасына және өндірістік еңбекке тартылудың алдын алу, баланың құқығын қорғау бойынша құнды кеңестер алды. Бұған қоса «Өнегелі өмір», «Әжемнің ертегісі», «Әкелер мектебі» атты жобалары аясында бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, отбасылық дәстүрлер, отбасылық оқудың рөлі, баланың кітап оқу дағдысын қалыптастыру және басқа да сұрақтар бойынша өткен талқылаулардың да әкелер мен аналар үшін берері өте көп болғаны сөзсіз.
Форум жұмысы аясында Асхат Абжановтың «Бақытты баланы қалай тәрбиелеу керек?» тренингіне 300-ге жуық ата-ана қатысқанын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ Е.Молдақасымов ұсынған жаңа мамандықтар атласына да қызығушылық танытқандар да өте көп болды.
Облыстың әр қиырынан ұзын-саны 600-ге таман ата-ана қатысқан форумда жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында Dance City би баттлдары, спорттық ойындар ұйымдастырылып, туристік дағдыларға үйрету және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік нұсқамалар берілді.
Айта кететін бір жайт, Балалар жылы аясында Global city сауда-ойын-сауық орталығының иесі «Балаларға жолдама сыйла» челленджін бастады. Сол арқылы Қарағанды қаласының 20 оқушысы Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Эдельвейс» балалар лагерінде кәсіпкердің есебінен демалады. Қазірдің өзінде бұл бастамаға Теміртау және Қаражал қалаларының кәсіпкерлері қолдау білдіруде.
Қарағандыдағы форум жұмысының қорытындысында өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан ерекше үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов 12 ата-ананы «Алғыс хатпен» марапаттады.
Қарағанды облысы