Инфаркт ауруымен ауыратын адамдар саны елімізде өршіп тұр. Бұрын орта жастан асқан адамдарда ғана кездесетіндей көрінген ауру түрі жастарда да ұшырасуда. Жалпы, бұған не себеп? Инфаркқа алып баратын жағдайлар қандай?
«Инфаркт» сөзі қазақ тіліне «сығылысу, тығыздалу» мағынасында аударылады. Яғни жүрекке күш беріп тұрған қан тамырлардың ішіне қан ұйып, тамырлардың бітелуі инфаркт ауруына әкеліп соғады. Мамандардың айтуынша, инфаркт көбіне халқының еңбекақысы төмен елдерде көбірек ұшырасады.
Ақсу қалалық емханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері Қуат Дәуренұлы инфаркпен ауыратын адамдардың көбейіп кетуінің себебін саралай келе: «Инфаркқа апарар бірінші себеп, адамның әлеуметтік жағдайының төмендігі, екіншіден, науқастың өз денсаулығына немқұрайды қарауы. Үшінші фактор, тұқымқуалаушылық. Тарқатып айтатын болсам, әлеуметтік жағдай қазіргі отбасыларда қиын. Әсіресе жас отбасылардың пәтер мәселесіне бас қатыруы денсаулықтарына тікелей әсер етеді, екіншіден, бұрын ата-бабамыз қымыз, қымыран, айран, шұбат секілді табиғи, таза азық-түліктер тұтынса, ал қазіргі жастар жеңіл-желпі тағамдарға әуес. Ішкілікке салыну да инфаркқа апарып соқтырар бірден-бір жағдай болып саналады. Неге? Өйткені спирттік заттар ішкі ағзаны әлсіретеді, анализдерді бұзады. Холестерин екіге бөлінеді, бірі төмен тығыздықты, бірі жоғары тығыздықты. Төмен тығыздықты холестерин ағзада көбейіп кетсе – инфаркқа алып келетін бірден-бір себепке ұласады. Бұл дұрыс тамақтанбау салдарынан бойда көбейеді. Ал ген мәселесіне келсек, мәселен, біз науқастардан «әулетіңізде бір адам инфаркпен ауырған ба?» деп сұраймыз. Яғни инфаркт тұрғысында ген мәселесі де басты назарда» деп егжей-тегжей баяндап өтті.
Инфаркпен ауырған науқастардың дені семіздік дертімен ауырғанын байқаймыз. Семіздік дертінің бірден-бір емі спортпен айналысу екені талассыз ақиқат. Холестерин мөлшерінің тұрақтылығын сақтау да инфарктың алдын алудың маңызды жолы. Холестеринді көтеріп, ауруға шалдығуға душар ететін жайттардың басында темекі тарту, ашушаңдық, физикалық жүктеменің болмауы, артық салмақ тұр.
«Қазір елімізде инфаркпен ауыратын адамдар көп пе?» деген сұрағымызға Қуат Дәуренұлы: «Елімізде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде инфаркт пен инсульт өлім-жітімнің негізгі себептері болып отыр. Жер бетінде бір күнде инфарктан миллиондаған адам көз жұмып жатады. Қазақстанда да науқастар саны көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды әрбір облыс орталығында жеке кардиологиялық орталықтар бар. Егер жүрек ауруы мәселесі елімізде маңызды болмаса, бұлар ашылмас еді. Инфаркпен ауыратын адамдардың бір тобы – шығармашылық адамдар. Мысалы, ұлтымыздың көрнекті ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев инфаркт дертінен өмірден өткені жайлы деректер бар. Яғни терең ойға берілу, мұңды, қайғылы көңіл күйге бой алдыру, стреске түсу инфаркқа әкеліп соғады. Адамды ұстап тұратын үш нәрсе бар. Бірінші, көңіл күйдің жоғары болуы, екінші, ұйқының тыныштығы, үшінші, дұрыс тамақтану. Осы үш тіректі дұрыс қадағаласақ, инфарктың алдын алуға болады», деді дәрігер.
Мамандардың кеңесі бойынша, адамның жүрегі сыздаса, бірден дәрігерге көрінуге тиіс. Инфарктан қорғанудың тағы бір жолы – таза ауада серуендеу. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы жұмыс істейтін бүгінгі жаһандану дәуірінде табиғат аясында саяхаттауға көңіл бөлетіндер аз. Тұмса ауамен демалу тыныс жолдарын тазалап, қан тамырларының жақсы жұмыс істеуіне орасан зор пайда келтіретіні сөзсіз. Ұзақ жасаған адамдардың өмір тарихына үңілсек, табиғат алқабында өмір сүріп, дене қимылына көбірек көңіл бөлгенін аңғарамыз.
Қорыта айтқанда, инфаркт ауруының жиілеп кетуінің негізгі себептері – стресс пен қимылдың аздығы. Стреске апарар жолдардың дені интернет, әлеуметтік желілерден құйылған толассыз ақпаратты сүзгісіз қабылдаудан туындаса керек. Қоғамдағы әр адам бір сәт виртуалды әлемнен шығып, өзінің жеке болмысына үңілуді бастаса, стрестің емін табары анық.