Дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте референдумға қатысты мәселелер талқыланды. Іргелі жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысты.
Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз сөзінде кейінгі кезде болып жатқан дағдарыстар мен оқиғаларға, соның ішінде пандемияға, әлемдегі геосаяси жағдай мен оның зардаптарына қарамастан, Қазақстанда реформалар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Конституцияға енгізілетін түзетулер Мемлекет басшысының 16 наурыздағы халыққа Жолдауында айтқан саяси реформаларын қамтыған. Олар Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Басты мақсат – азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту және саяси процестерді айтарлықтай демократияландыруды қамтамасыз ету», деді М.Тілеуберді.
Ведомство басшысы Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс тобы құрылғанын жеткізіп, оның құрамына заңгерлер, тиісті мекемелер басшылары енгенін де атап өтті.
«Ең алдымен, түзетулер суперпрезиденттік басқару моделінен ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшуге бағытталған. Сондай-ақ реформа биліктің өкілді тармағы мен тежемелік және тепе-теңдік жүйесін айтарлықтай нығайтып, мәслихаттардың тәуелсіздігін арттырады. Сенат тек Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдауға немесе қабылдамауға құқылы. Яғни, заң қабылдау құқығы Мәжіліске беріледі.
Сонымен қатар Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында мажоритарлы-пропорционалдық моделі қолданылады. Бұл сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлері толық қамтуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ партия құрамында жоқ кандидаттардың Парламентке баруына жол ашады. Саяси бәсекелестікті арттырып, азаматтардың өздері сайлаған депутаттармен тікелей байланысуына жағдай жасайды. Мұндай шешімдер көппартиялық жүйені күшейтеді», деді М.Тілеуберді.
Сонымен қатар президенттерге өз өкілеттіктері кезеңінде саяси партияға мүше болуға тыйым салынатынын жеткізді. Министрдің айтуынша, бұл норма саяси бәсекелестікті арттырып, барлық партияларының дамуына тең жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Президенттің ең жақын туыстарына квазимемлекеттік секторда саяси лауазымдар мен басқарушылық қызметтерді атқаруға шектеу қойылады.
«Бұл реформалар Жаңа Қазақстанды, Президентіміз атап өткендей, ең алдымен әділетті Қазақстанды құруға бағытталған. Әсіресе, азаматтардың жеке бастамасына мүмкіндік беріп, әділетті қоғамның іргетасы қаланып, анағұрлым белсенді, серпінді және бәсекеге қабілетті саяси жүйе қалыптасып, төзімді, әртараптандырылған және тең экономика құрылады. Мақсат – теңсіздік пен кедейлік секілді өмірлік маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешу. Қазақстан халқының ұзақ мерзімді әл-ауқатын қамтамасыз ету.
Бұл процесс жеке және әлеуметтік құндылықтар жүйесін де толықтай өзгертуді талап етеді. Жаңа Қазақстанды құру мемлекеттік басқару моделін жаңғыртуды көздейтін Екінші Республиканы құру тұжырымдамасымен қатар жүреді», деді М.Тілеуберді.
Осы орайда, министр үш негізгі мәселеге назар аударды. Біріншісі, Қазақстан референдумды ең жақсы демократиялық стандарттар мен қағидаттар бойынша ең әділ және ашық түрде өткізуге міндетті.
«Екіншіден, бұл кең ауқымды реформалар референдумда халқымыз тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде сауалдамалар ұсынылған түзетулерді тұрғындардың қолдайтынын, көпшілік қатысатынын көрсетеді. Әрине, бұл қуантады. Ең бастысы, біз ұлт ретінде, халықаралық серіктестеріміз күн тәртібіне шығарылған реформаларға қолдау көрсетуін жалғастыра береді деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде 10 халықаралық ұйым мен бірнеше мемлекет өз бақылаушыларын жіберді», деді М.Тілеуберді.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров өз сөзінде халықаралық ұйымдардың еліміздегі саяси ахуалға қызығушылық танытқанына ырзалығын білдірді.
«Негізгі Заңға енгізілген түзетулер еліміз үшін өте маңызды. Өзгерістер Конституция баптарының үштен біріне қатысты. Сайлау процесі мен сайлау заңнамасын жаңғыртумен байланысты реформалар ұлттық сайлау жүйесі үшін түйінді мәселелердің бірі. Бұл реформаларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурыздағы халыққа Жолдауда атап көрсеткен еді», деді Н.Әбдіров.
Спикер сондай-ақ референдумды бақылауға қатысатын халықаралық ұйым миссиясы келуінің мәні зор екенін атап өтті. Демек еліміз үшін маңызды мәселеге шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. «Орталық референдум комиссиясының отырыстарында қаралған алғашқы мәселелердің бірі халықаралық байқау институтын ашу болды. Бүгінгі таңда 100-ден астам байқаушы аккредиттелген. Оның ішінде ЕҚЫҰ байқаушылар миссиясының өкілдері де бар», деді Н.Әбдіров.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы қазіргі уақытта ТМД, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылар миссиялары тіркелгенін жеткізді.
«Бүгінге дейін 17 мемлекет делегацияларының өкілдері аккредиттелген. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Халықаралық байқаушыларды тіркеу 30 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады», деді Н.Әбдіров.