Инклюзивті және арнайы білім беру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, студенттерді оқыту, жаңа формацияның мектеп мұғалімдерін, құзыретті, тәжірибеге бағытталған педагогикалық кадрларын даярлауда зертханалық ресурстар мен жаңа технологияларды пайдалану салалық жоғары оқу орындары үшін маңызды.
Бұл бағытта Абай атындағы ҚазҰПУ-да мақсатты бағдарламалар жолға қойылған. Осы орайда университетте «Дара» қорының қолдауымен инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы ашылды.
Іс-шараға республиканың арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдары, Педагогика және психология институтының өкілдері қатысты. Университет ректоры Д.Біләлов ерекше балалар мен олардың отбасыларын қолдау үшін инклюзивті білім берудің маңызын атап өтті. «Әр баланың физикалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, эмоционалдық ерекшеліктеріне, жынысына және басқа да факторларына қарамастан, білім алу мүмкіндігі болуы керек. Мемлекеттің міндеті – бұл үшін барлық қажетті жағдайларды жасау, педагогикалық жоғары оқу орындарының міндеті – ең алдымен, мектептерді ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытатын жоғары кәсіби мамандармен қамтамасыз ету. Жаңа зертхананың ашылуы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытуға өз ықпалын тигізеді», деді ол.
Осы іс-шараға ұйытқы болған «Дара» қорының жетекшісі Гүлнар Досаева инклюзивті білім беруді дамыту басым бағыт екеніне тоқталып, «Біз мұғалімдерге, оқушыларға және олардың ата-аналарына инклюзивті білім беру кеңістігін аша отырып, республиканың 50-ден астам мектебімен тығыз жұмыс істеп келеміз», деді.
Арнайы және жалпы білім беретін оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту, болашақ мұғалімдерді дуалды оқыту, сонымен қатар балаларды диагностикалық зерттеу және оңалтуды мақсат ететін орталық жұмысына оқытушыларды, студенттерді, магистранттарды, докторанттарды және практиктерді тарту жоспарлануда. Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева сурдопедагогика, олигофренопедагогика, тифлопедагогика, логопедия мамандарын инклюзивті білім беру зертханасының бағыттарымен және құрал-жабдықтармен таныстырып өтті.
Іс-шара барысында мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру кеңістігіне қосу, инклюзивті жобалық ойлау шарттары, жүзеге асыру кезеңдері мен әдістері, елімізді арнайы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, Big Data технологиялары және оны білім беру саласында қолдану, спорттық, шығармашылық және тәрбиелік қолдау дағдыларын дамыту мәселесін талқылап, бірнеше маңызды салаға қатысты семинарлар өткізді.
АЛМАТЫ