Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Ауғанстан мәселелері жөніндегі өңірлік қауіпсіздік диалогының IV отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Душанбе қаласында Ауғанстан мәселелері бойынша өңірлік қауіпсіздік диалогының IV отырысы өтті. Аталған жиынға Қытай, Ресей Федерациясы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің қауіпсіздік кеңесінің хатшылары мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері қатысты.
Қазақстан делегациясын Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов бастап барды.
Ол өз сөзінде бүкіл өңірдің мүддесі үшін елдегі жағдайды өзгертудің кілті саналатын бағыттарды, соның ішінде халықаралық терроризм мен экстремизм қатерлерінің экспортына жол бермеу, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөнінде баяндап берді.
Бүкіл өңірдегі көлік қатынастарын жандандыру қажеттігі және Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалпына келтіру мақсатында білім беру жүйесін дамыту мәселесі экономикалық қауіпсіздіктің негізгі факторы ретінде атап өтілді.
Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыра береді, азық-түлік, дәрі-дәрмек, ең алдымен, қажетті басқа да тауарлар жеткізуді жүзеге асырады, сондай-ақ ауған студенттерін оқытуға мүмкіндіктер беріледі.
Сонымен қатар жиында Ауғанстан мәселесінің барлық спектрі бойынша үйлестірілген күш-жігердің маңыздылығы айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша қорытынды мәлімдеме қабылданды. Онда халықаралық террористік ұйымдардың Ауғанстан аумағын аймақтағы елдерге қарсы кез келген террористік актілерді жасыру, оқыту, жоспарлау немесе қаржыландыру үшін пайдаланылуға жол берілмейтіні атап өтілді.
Диалогқа қатысушылар шекара маңы мемлекеттері мен басқа да мүдделі елдер арасында деструктивті топтардың қызметіне байланысты ахуал туралы жедел ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастықты жолға қоюға ниетті екенін растады.
Бұдан бөлек мемлекеттердің ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге деген ұмтылысы атап өтілді.
Іс-шара барысында Ғизат Нұрдәулетов Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Николай Патрушевпен, Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Насрулла Махмудзодамен және Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Иманқұловпен екіжақты кездесулер өткізді. Жиынға қатысушылар өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері мен осы бағыттағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.