• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Мамыр, 2022

Ақмола облысын дамытуға 118 млрд теңге қарастырылған

310 рет
көрсетілді

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Ақмола облысы еліміздің маңызды аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнда молибден өндірісі, химия өнеркәсібі, машина жасау және басқа да салалар қарқынды дамып келеді.

Кеңес барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсенбаев баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған ҚР Премьер-Министрі 2022 жылы Ақмола облысын дамытуға 118 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 52,2 млрд теңге бөлінді. Бұл шығыстар автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеуге, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына, тұрғын үй құрылысына, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға, білім беруді дамытуға, Жібек жолы ауылындағы қосалқы станцияны реконструкциялауға және тағы басқасына бағытталып отыр.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, Есіл өзенінің арнасын тереңдетуге, кәсіпкерлікті несиелеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға қосымша қаражат бөлінді.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов облыстың бірқатар өзекті мәселесіне назар аударды. Премьер-Министр облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шамамен 14% өскенін айтты.

«Азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықтың негізсіз орын алуына жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жүргізу керек. Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жиналыстар өткізіліп, барлық қажетті құралдар мен механизмдер қабылданып отыр. Облыс әкімдігі оларды іс жүзінде қолдануы керек», деді Үкімет басшысы.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне тағы да бірқатар тапсырма берді: атап айтқанда, республикалық дейгейдегі жолдардың нормативтік жай-күйін кемінде 88%, ал, жергілікті жолдарды кемінде 87%-ға жеткізуді қамтамасыз ету, Кенжебай және Рахымжансай жерасты сулары кен орындарынан су құбырын тарту жобасын пысықтау, Степногорск қаласының магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Сондай-ақ «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер салу, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Ақмола көпбейінді ауруханасын және Көкшетау қаласындағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасын қайта жаңарту және заманауи жабдықтармен жарақтандыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

«Біз күш-жігерімізді біріктіріп, жұдырықтай жұмылып, Ақмола облысының дамуына тың серпін беруіміз керек. Халықтың әл-ауқатының өсуі, өмір сүру сапасының жақсаруы осыған тікелей байланысты», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.