Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай елімізде нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ішкі істер вице-министрі Ержан Сәденов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, волонтерлер қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті.
Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. 11 мамырда біз Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Алдын алу – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент. Күш біріктірудің арқасында біз өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенімдімін», деді Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде Ержан Сәденов есірткімен күрес бойынша Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың нәтижесімен бөлісті.
«Елімізде жыл басынан бері барлығы есірткіге қатысы бар 1 400 құқық бұзушы ұсталды. 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық және 1 800-ге жуық қылмыстық әрекет анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан екі тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді», деді вице-министр Ержан Сәденов.
Есірткіге қарсы айлықты өткізу барлық азаматтарды, олардың ішінде кәмелетке толмағандар мен жастарды алдын алу іс-шараларымен кеңінен қамтуға бағытталған.
Есірткіні тұтынудың алдын алудың өзекті және проблемалық мәселелері бойынша педагогтермен, психологтармен, педиатрлармен, ата-аналармен семинар-кеңестер мен дәрістер өткізу жоспарланған.
Айлық 26 мамыр - 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Шара соңында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша қоғам, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған семинар-тренинг өткізілді.