Халықаралық Түркі академиясы Баку қаласында ұйымдастырылған І Түркі әлемі әдебиет және кітап фестивалі аясында Әзербайжан бағытында жарық көрген бірнеше кітаптың таныстыру рәсімін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, көпшілік назарына Низами Гәнжауидің «Жеті ару», «Ләйлі — Мәжнүн» дастандары қазақтың Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілов, Тәкен Әлімқұлов қатарлы көрнекті ақындары аудармалары негізінде құрастырылған толық жинақ ретінде ұсынылды. Әйгілі хамсаның екі туындысын қамтыған басылым танымал әзербайжандық суретші Фахраддин Али Вәлиоғлының арнайы салған графикаларымен безендірілген.
Сонымен қатар, Әлішер Науаидың Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көрген әзербайжан тіліндегі «Таңдамалы шығармалар» жинағына оның Хамсасындағы бес дастан толығымен енгізілген. Баку мемлекеттік университеті Түркология кафедрасының меңгерушісі, танымал түрколог, доктор Рамиз Әскер аударған әйгілі ақын туындылары оның өткен жылғы мерейтойы аясында әзірленген болатын.
Бұған қоса, фестиваль аясында Абай қарасөздерінің Аида Эйвазова тәржімелеген әзербайжан тіліндегі басылымы таныстырылды. Айта кету керек, Түркі академиясы Абай Құнанбайұлы шығармаларын бауырлас түркі халықтарының тіліне аударып басу жұмыстарын кеңінен жүргізген болатын.
Кітаптардың таныстырылым рәсімін белгілі әзербайжандық журналист, аудармашы Аида Эйвазова жүргізіп отырды. Түркі академиясының вице-президенті Физули Мажидли, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Амантай Шәріп, өзбекстандық ғалым Нугина Шермурадова, белгілі қырымтатар жазушысы, журналист Зера Бекирова, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Низами Гәнжауи атындағы Әдебиет институтының профессоры Алмаз Улви Биннатова сөз сөйлеп, пайымды пікірлерімен бөлісті.