Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қарағандының «Сарыарқа» клубының қақпашысы Андрей Шутов Финляндияда кеше аяқталған әлем чемпионатында үздік нәтижесімен көзге түсті.
Жерлесіміз топтық кезеңнің жеті ойынында мұзайдынға шығып, қарсылас команда ойыншыларының біздің қақпаға бағыттаған 179 шайбасын қайтарған. Сондай-ақ қарсылас құрамалардың хоккейшілері Шутов қорғаған қақпаға 206 соққы жасаған. Бұл – топтық кезеңде бір ғана қақпаға бағытталған ең көп соққы. Пайыздық көрсеткіш бойынша, жерлесіміз жалпы есепте 86,89 пайызбен үшінші орынға табан тіреді. Бұдан бөлек Шутов қақпашылар арасында мұзайдында ең көп уақыт өткізген ойыншы ретінде де рекорд орнатты. Андрей өз қақпасын 381 минут 12 секунд қорғады. Осы уақыт аралығында ол қақпасына 27 шайба өткізіп алды.
Айта кетейік, элиталы дивизионның әлем чемпионатында «А» тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы соңғы турда Италиядан басым түсіп, жоғары топтағы орнын сақтап қалды. Келесі жылғы әлем біріншілігі Финляндия мен Латвияда өтетін болып бекітілді.