Қостанай қаласына кіреберіс көпірге жақын орналасқан «Каньон» жазғы демалыс орнындағы көлдің табанынан мамонттың жартылай сынған жауырын сүйегі табылды. Жергілікті ғалымдар сүтқоректілердің жойылып кеткен түріне жататын жануардың сүйегі ғылыми маңызы бар аса құнды дүние екенін айтып отыр.
Тобыл өзеніне тиіп тұрған демалыс аумағындағы тайыз көл тартыла-тартыла биыл мүлде құрғап қалыпты. Ал жаздың ыстығында шомылатын тұнық суы болмаса, демалушылардың бұл жерге келу-келмеуі екіталай. Сондықтан нысан иесі Юрий Пирогов су шығып қалар деген үмітпен көлдің түбін тереңдете бастапты.
– Бұл жер бұрын құм карьері болған. Суға жету үшін көлдің табанын қазу керек болды. Жұмыс істеп жатқан экскаватордың күрегі бір кезде құм астынан үлкен сүйекті алып шықты. Кептіріп, тазалап жуып, өзімізше зерттеп көріп едік, ешбір жануардың сүйегіне ұқсата алмадық. Сосын аса ірі ежелгі мақұлықтікі болар деп ұйғардық. Кейін сұрастырып көріп едік, мамандар мамонттың жауырын сүйегінің сынығы екенін айтты, – деді демалыс орнының қожайыны.
Кәсіпкер тосыннан табылған олжасын облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырмақ. Музейдегі ғылыми қызметкерлердің айтуынша, мамонт сүйегі Тобыл өзенінің арнасымен әлдеқайдан ағып келуі ғажап емес.
«Бірақ ауыр сүйектер мамонт өлген жерден ұзап кетпейді. Ал жеңіл сүйектерін өзен арнасы алысқа ағызып әкетеді. Жануардың жауырыны салмақты болғандықтан, мамонттың қалған ірі сүйектері де жақын маңда жатуы мүмкін», дейді мамандар.
ҚОСТАНАЙ