• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2022

Кадр іріктеудің ашықтығын арттыру қажет

127 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтің төрағалы­ғымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бітіру емтихандары, түлектерді бөлу және азаматтарды әскери оқу орындары­на қабылдау кезеңінде сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу мәселелері бойынша әскери оқу орындарының басшыларын тыңдады.

Қорғаныс министрінің орынбасары профессорлық-оқытушылар құрамын іріктеу және орналастыру кезінде оларды қабілетіне қарай қабылдау ережесін қолдануға назар аударды. Бұл білім мен ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін факторлардың көрінісін жоюға көмектеседі.

Комиссия төрағасы әскери оқу орын­да­ры­ның бастықтарына азаматтарды қабыл­дау кезінде әскери полиция өкілде­рінің қатысуымен, талапкерлердің ата-аналарымен кездесулерде қабылдау комис­сиясының жұмыс тәжірибесін бейнебақылауды қолдана отырып зерделеуді ұсынды.

Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалет­динов Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің басшысына: «Кадрлық құрамның сапасын жақсарту мақсатында лауазымды тұлғаларды іріктеудің ашық­тығын арттыруды қамтамасыз ететін әскери қыз­метшілерді іріктеу және оларды кәсіби тұрғыда даярлау әдістемелерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізіңіздер», деген тапсырма қойды.

Сонымен бірге Қорғаныс министрінің орынбасары шамадан тыс бюрократия мәселелерін шешу және кадрлық процес­терді автоматтандыру қажет екенін айтты. Ол кандидаттардың әскери қызметке кіруі үшін тиісті құжаттарды жинау мен ұсынудың, оларды қараудың, зерделеу мен тексерудің нақты мерзімдерін белгілеуді, сондай-ақ әскери қызмет өткеру ережелерін қайта қарауды тапсырды.

2022 жылғы 15 сәуірде «Әскери қыз­мет және әскери қызметшілердің мәр­тебесі туралы» заңға әскери қызметте жағымсыз әрекеттер жасағаны үшін кір кел­тіретін және теріс қылықтарымен әске­ри қызметтен босатуды көздейтін әре­кет­терді қарастыратын толықтырулар енгі­зілген болатын.

Бұл тізімге қызмет бабын жеке басына пайдалану, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрімен, оның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысу, қызмет бабын пайдалана отырып, жұмыстар орындау және қызмет көрсетіп, сол үшін сыйақы алу жатады.

Одан өзге отырыста қызметтік тұрғын үйлерді бөлу және жанар-жағармай материалдар қызметін ұйымдастыру кезіндегі жемқорлық тәуекелдері де қаралды.

Осы тармақтар бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер үшін қыз­меттік пәтерлерді бөлу мәселесін бақылауға алу және ведомстволық тұрғын үйлерде заң­сыз тұрып жатқандарға тексеру жүргізу тапсырылды.

Жанар-жағар май қызметіне қатысты жемқорлық жасап, құқық бұзудың алдын алу үшін олардың басшыларын қызметке тағайындау кезінде полиграфиялық зерттеу жүргізу ұсынылды.

Қорғаныс министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының төрағасы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов лауазымды тұлғаларға бірқатар тапсырма берді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыста заң жүзінде қаралған, оның ішінде әскери қызметке кір келтіретін теріс қылықтар үшін тәртіптік практика­ны қолдану жөніндегі жаңа енгізілген тармақтарды негізге алуды тапсырды.