• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2022

Ғасыр жасаған атамен ғибратты кездесу

312 рет
көрсетілді

Алматы қалалық «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының Жетісу аудандық бөлімінде көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері Досмұхамбет Кішібековпен кездесу ұйымдастырылды. Ғасырға жуық ғұмырында Қазақ елінің басына түскен біраз нәубетті көзімен көріп, олардан аман өткен абыз қарияның ұрпаққа айтар өнегелі естеліктері молынан екеніне ешкімнің де күмәні болған жоқ.

Сан ұрпақтың атасы, ұстаздардың ұстазы өзінің 97-ге келген жасына қарамай, сара көңілімен, дана көкірегімен-ақ өзін қоршай жәудіреп отырғандардың алты-тоғыз жасар балдырғандар екенін бірден бағдарлап, сол жас деңгейіндегілердің түйсігіне қонымды дәрісін бастап жіберді. Ал ата сөзінің алдында клубтың ұстаз тәлімгері Гүлзия Ауқашова ғылым ғана емес, соғыс және еңбек ардагерінің қайталанбас ғұмырнамасын тәрбиеленушілерге баяндап өткен еді.

«Біздің халқымыз – әлемдегі ең өміршең, ойшыл да озық халық. Оның бүкіл дүниетанымы, салты, дәстүрі, ұстанымы, тыныс-тіршілігі – тұнып тұрған философия. Сендердің осындай клубта өздеріңнің әжелеріңдей ұстаз-тәлімгерлерден тәлім алып жатқандарыңның өзі ұлттық сананың, ұлттық философияның жемісі», деді абыз қария. Өз кезектерінде балдырғандар да жамырай сұрақ қойысып, ұғынықты жауаптарын алды.

Кездесу соңында клуб тәрбиеленушілері өздерінің болашақта кім болғысы келетіндерін, қандай мамандықты, кәсіпті қалайтындарын кезек-кезек орындарынан тұрып айтып шыққан соң, аталарынан бата сұрады. «Жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді» дейді дана халқымыз. Қызыр сипатты қонағымыз батасын «Енді бір жиырма жылдан кейін сендер ел мен жердің бір-бір тұлғасы боласыңдар», деп түйіндеді. Балдырғандар болса, жүздері бал-бұл жанып, аталарымен естелік суретке түсті.

 

Гүлнар КЕНЖЕҒҰЛҚЫЗЫ,

Алматы қалалық «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы

Жетісу бөлімінің меңгерушісі