• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2022

Сүндетке отырғызудың пайдасы көп

729 рет
көрсетілді

«Ашамайлы атқа міндің, Мұсылмандық таққа міндің. Сүндетке отырғаның – иманды болғаның, Тойын тойлап, думанды болғаның», деп ата-бабаларымыз балаларын сүндетке отырғызған.

Яғни атқамінер жасқа толған (3 жасқа) ұл балаға шілдеханадан кейінгі жасалатын үлкен тойлардың бірі – сүндет тойы. Халқымыз баланы сүндетке тақ жасында отырғызған. Үш, бес, жеті, тоғыз жасында, одан кеш дегенде он үш жасында сүндеттеген. Дегенмен, он үш жастан кешіктірмеуге тырысқан. Өйткені баршамызға белгілі, шариғат бойынша ұл бала он үшінде балиғат жасына толады. Сондықтан он үшінде отау иесі деп ересектер қатарына қосқан.

Қазақ халқы сүндетке отырғызылған баланы «Міне, енді азамат болдың», деп ағайын-туысты жинап ұлан-асыр той жасаған. Бар жақсыны балаларының алдына қоятын халқымыз сәби дүниеге келгеннен бастап өмірінде маңызды деп атаған күндерін тойға айналдырған. Мысалы, құрсақ той, шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсаукесер және сүндет той (ұл балаларға). Ағайын-туысты жинап сүндеттелген баланың құрметіне жасалған тойда, әсіресе баланың нағашылары үлкен рөл атқарады. Өйткені қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек екенін жақсы білеміз. Баланың нағашы жұртынан, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады.

Ислам дінінде баланы сүндетке отырғызу үлкен мәнге ие, әрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннет амалын жасау болып табылады. Ал халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін қазіргі таңда медицина да қуаттап, денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдейді. Осы тақырып бойынша АҚШ-та жиырмадан астам ғылыми еңбек жарық көргенінің өзі көп нәрсені аңғартады.

Қорыта келе айтқанда, асыл дініміз бен ата-бабаларымыздың тазалыққа қатты мән бергенін, сүндеттеудің ер баланың өмірінде үлкен орын алатынын жақсы түсінгенін анық аңғаруға болады.

 

Баймұқан ТЕМІРБЕКҰЛЫ

 

ҚОСТАНАЙ