Балалар жылы аясында Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында «Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» атты ұлттық спорттық ойын түрлерінен облыстық спартакиада өткізілді.
Облыстық білім басқармасының аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығы ұйымдастырған сайысқа облыс аудандарынан 38 команда қатысып, бақтарын сынады. Орталық бекіткен төрешілер алқасы командалар ойынына баға берді.
Мектеп оқушылары арасында үздік құраманы анықтап, жас жеткіншектерді дене тәрбиесі және ұлттық спорт түрлерімен тұрақты шұғылдануға бейімдеуден бөлек спорт резервтерін дайындап, спортшылар шеберлігін арттыруды мақсат еткен сайыстың жоғары деңгейде өтуіне «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының да қосқан үлесі үлкен.
Тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, бұқа тартыс, жаяу жарыс, мергендік сынау, асық ату, бес асық, арқан тарту, шоқпарласу, гір тасын көтеру, қол күрес секілді 11 жарыстың басын қосқан спартакиада қатысушылары командасын жеңіске жеткізу үшін барын салды.
Екі күндік жарыс нәтижесінде бірінші орынды Қазалы ауданы командасы алса, екінші орынға аралдықтар, ал үшінші орын тұғырына қармақшылық оқушылар көтерілді.
Қызылорда