Батыс Қазақстан облысында шалғайда орналасқан Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында жаңартылатын энергия көздері қондырғысын орнату көзделуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталған аудандар электр қуатын ресейлік көздерден алады. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы желілер арқылы Бөкей ордасы мен Жәнібекке өз электр энергиямызды жеткізуге мүмкіндік жоқ. Жоба жүзеге асқан жағдайда бұл облысты электр қуаты импортынан құтыла түсуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша «Green Service Company» ЖШС компаниясы қуаты 2,5 МВт электр энергиясын өндіретін қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату нысаны құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл жоба өндіріс және тұтыну қалдықтарын полигондарға әкетпей-ақ Орал қаласы аумағын санитарлық тазартуға жол ашады.
«Қосымша электр станцияларын салу нәтижесінде Ресейден жеткізілетін қуат көлемі қысқарды. Күні бүгін 14 млн кВт сағат электр қуаты көрші елден жеткізеді. Бұл – көп емес, барлық тұтынылатын электр қуаты көлемінің 11 пайызы. Алдағы уақытта да энергияны үнемдеу және тиімділігін арттыру, сондай-ақ баламалы қуат көздерін іске қосу бағытындағы жұмыстар жалғасады», деді М.Нұртазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда электр қуатын өндіру 4,1 пайызға өскенін жазған болатынбыз.
Гүлдана Елубай