Парламент Мәжілісінің депутаттары, Amanat партиясының республикалық штаб мүшелері Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских және Балайым Кесебаева Қазалы ауданы тұрғындарымен кездесуде референдумға қатысу қоғамды жаңартуға қосылатын үлес екендігін айтты.
Ардагерлер, ҮЕҰ өкілдері және жастармен жүздесуінде Бақытбек Смағұл басты заңға енгізілетін түзетулер халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартып, барлық салаға өзгеріс әкелетінін жеткізді.
Депутат Геннадий Шиповскихтің Ақтан батыр, Жанқожа батыр ауылдарының тұрғындарымен, Қазалы вагон пайдалану депосы, локомотив жөндеу зауыты ұжымдарымен, аудандағы көлік-техникалық колледжі қызметкерлерімен кездесуде референдумның маңызы жайлы мағыналы әңгіме өрбіді.
Ал білім және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездескен Балайым Кесебаева жүзеге асырылатын реформа елді демократияландыруға жасалып отырған қадам екеніне тоқталып өтті.
– 5 маусымда өтетін референдум тарихи мәні зор, ел өміріндегі маңызды оқиға. Оған қатысу Жаңа Қазақстанды құру бастамасына қосылған үлес, – деді Балайым Туғанбайқызы.
Кездесулерде тұрғындар жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдайтынын және саяси жаңғыру үдерісінен тыс қалмайтындықтарын жеткізді.
Қызылорда облысы